Павлодар облысында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды
Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап облыс жаңа іріктеу жүйесінің пилоттық жобасына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» 2023 жылға арналған жұмыс қорытындысын шығаруға, өңірлік кадрлық резервке іріктеу мәселелеріне, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін таныстыруға арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Аталмыш жоба объективтілік тұрғысынан мемлекеттік қызметке бос лауазымдарға іріктеу процесін барынша жеңілдетті. Алгоритм мемлекеттік қызметке кіру кезінде әділеттілікті қамтамасыз етуге арналған.
– Жобаның мақсаты – жұмысқа орналасу кезіндегі кедергілерді жою, жалпы мемлекеттік қызметтің сапалық құрамы мен беделін жақсарту болып табылады, – дейді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов.
Айта кетейік, үміткерлер кез келген уақытта конкурсқа қатысуға өтінім бере алады.
Цифрландыру кандидат және кадр қызметі үшін де мемлекеттік қызметке кіру рәсімін жеңілдетеді. Үміткерге енді тестілеу залына немесе басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Іріктеу eqyzmet.gov.kz. ашық порталы арқылы жүзеге асырылады.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Нәтижесінде конкурс жеңімпазы барлық кезеңдердің қорытындылары бойынша жүйемен автоматты түрде анықталады және конкурстық комиссияның шешіміне тәуелді болмайды.
Сондай-ақ департамент басшысы қызметтік көліктерді жеке мақсатта қолданбау жайлы ескерту жасады.