Павлодар облысы бойынша 4000-нан аса бос жұмыс орны бар
Көбінесе өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларының мамандары үлкен сұранысқа ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Ағымдағы жылдың басында Павлодар облысының жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітіліп, азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарлары белгіленді. Бос жұмыс орындарына 3261 адам немесе 32,7% жұмысқа орналастырылды, – дейді басшы.
Оның айтуынша, жұмысқа орналасқандардың ең көп саны келесі салаларда байқалады: ауыл шаруашылығы (21%), білім беру (15%), өнеркәсіп (13%), құрылыс (12%).
Қазіргі таңда облыстың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. 2024 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады. Сондай-ақ, Павлодар қаласы бойынша 2000-ға жуық бос вакансия тіркелген.
Айта кетейік, биыл Еңбек және әлеуметтік министрлігі мен Павлодар облысының әкімдігімен бірге түлектерге арнайы нақты жұмыс орындарын құру бойынша меморандум бекітілді. Жылдың аяғына дейін 6000-ға жуық талапкерді толық жұмысқа орналастыру жоспарлануда.