Павлодарлықтарды тылсым дүниеге толы музей түніне шақыруда
Қала тұрғындары үшін ерекше театрландырылған экскурсия ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» музейі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Уақыттың бұзылуы» деп аталатын шара 18 мамыр күні сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жалғасады.
– Келушілер Павлодар Ертіс өңірінің тылсым тарихымен танысып, жан біткен жәдігерлер мен қазақ аңыздарындағы мифтік кейіпкерлерді көре алады. Ежелгі өркениеттер әлемі мен тарихи тұлғалар бейнесі арнайы театрландырылған көріністер арқылы жанданады, – деді ұйымдастырушылар.
Мерекелік бағдарлама аясында қонақтар үшін VR-аймақ пен мультимедиялық инсталляциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар шеберлер жәрмеңкесі, фотозоналар, аквагрим және жанды музыка кештің ерекше атмосферасын толықтыра түспек.
Өтетін орны: Есенәлиев көшесі, 2.