Павлодарда Құрбан айт кезінде санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Мереке барысында мал сою бекеттері қатаң тексеріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айт мерекесі кезінде өңірде қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды сақтау жіті бақыланады. Облыс халқының санитарлық саламаттылығын қамтамасыз ету және жаппай тамақтан улану жағдайларының алдын алу мақсатында бірқатар санитарлық-эпидемиологиялық талаптар белгіленді.
Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің мәлімдеуінше, мереке қарсаңында құрбандық шалуға арналған 14 арнайы орын дайындалған.
Атап айтқанда жануарларды сату мен сою жұмыстары ветеринарлық қызметтің санитарлық қорытындысын алған сою пункттері мен арнайы алаңдарда ғана жүзеге асырылуы тиіс.
- Құрбан айт мерекесін атап өту барысында санитарлық талаптарды сақтау өте маңызды. Мал сою кезінде тазалықтың барлық талаптары қатаң орындалуы қажет. Құрбан шалу кезінде пайда болатын қалдықтар уақытылы шығарылып, қызметкерлер міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі тиіс. Сонымен қатар, жеке гигиена ережелері мен дезинфекциялық жұмыс режимі сақталуы керек, - деді Батырбек Әлиев.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырып отыр.
Айт уақытында қоғамдық келісім мен санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - мерекені ұйымдастырудағы басты талаптардың бірі.
Еске сала кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 27-29 мамыр аралығында өтіп, 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де облыстың барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады, ал Павлодар қаласында құрбандық шалу үшін арнайы «Құлагер» ипподромы белгіленген.