Павлодарлық саясаттанушы бір палаталы Парламент құру бастамасына пікір білдірді

Қазақстанда бұл ұсыныс қоғамда кеңінен талқылануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бір палаталы Парламент құру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы жөнінде өз пікірін саясаттанушы, Toraighyrov University аға оқытушысы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының докторанты Борис Поломарчук білдірді.
– Президенттің бұл бастамасы сарапшылар үшін тосын жаңалық болған жоқ. Мұндай мәселе бұрыннан эксперттік ортада көтеріліп жүрді. Қазақстан – унитарлы мемлекет, сондықтан оған бір палаталы Парламент тән. Сенат 90-жылдары билік тармақтары арасындағы қайшылықтардың алдын алу үшін құрылған еді. Ал қазіргі саяси жүйенің эволюциясы мен демократиялану деңгейі Сенаттың қажеттілігі туралы сұрақты алға шығарды, – деді саясаттанушы.
Борис Поломарчуктың айтуынша, мұндай өзгеріс елдің саяси құрылымына айтарлықтай ықпал етеді.
– Парламенттің бір палаталы болуы басқа да заңнамаларға түзетулер енгізуді талап етеді. Бұл ең алдымен сайлау туралы заңға, партиялар туралы заңға қатысты болмақ. Депутаттар саны артып, жаңа саяси партиялардың құрылуы немесе қолданыстағы партиялардың белсенділігі күшеюі ықтимал. Президент ұсынған пропорционалды сайлау жүйесі азаматтардың әртүрлі санаттарының – жастардың, әйелдердің, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саясатқа кеңінен араласуына мүмкіндік береді. Бұл азаматтық қоғам үшін оң серпін береді, – деді ол.
Сарапшы бастаманың қоғамда кеңінен талқыланып жатқанын атап өтті.
– Президент осы ұсынысты жариялаған сәттен бастап-ақ әлеуметтік желілерде, медиа алаңдарда қызу талқылау жүріп жатыр. Қолдайтындар да, күмәнмен қарайтындар да бар. Бірақ түбегейлі қарсы шыққандар аз. Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, мысалы Германияда парламент тек пропорционалды жүйемен қалыптасады. Қазақстан үшін де осындай тиімді модель жасалуы мүмкін, – деді Борис Поломарчук.
Саясаттанушының пікірінше, алдағы уақытта ұсынылған реформаны талқылау жалғасады. Әлі бір жыл уақыт бар. Осы кезеңде сарапшылар, қоғам, журналистер, ғалымдар ұсынылған өзгерістерді жан-жақты талқылап, Қазақстанның ерекшелігіне сәйкес ең тиімді үлгіні табуы қажет. Ал түпкілікті шешімді халық референдумда қабылдайды. Бұл – елдің демократиялық дамуындағы жаңа кезең.