Павлодар облысында орын алған дала өрті толықтай сөндірілді

Павлодар облысында орын алған дала өрті толықтай сөндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тілсіз жауды ауыздықтауға авиация тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

22 маусым күні сағат 13:21-де Баянауыл ауданындағы ашық аумақта құрғақ шөптің жанғаны туралы хабарлама түсті. Белгілі болғандай өрт Күркелі ауылынан 27 шақырым жерде орын алған.

Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, Күркелі және Ж.Аймауытов ауылдарының «Ауыл құтқарушылары» еріктілері, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметтері тартылды.

— Тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына әуеден су шашу құрылғысымен жабдықталған төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Су алу Шалқаркөл көлінен жүзеге асырылды. Жалынның беті қайтқанша әуе кемесі 5 рет су төгіп, жалпы 13 тонна су шашты, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Барлық тартылған қызметтердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде өрт сағат 19:06-да оқшауланып, 22:17-де  толықтай сөндірілді. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ.

Өрттің жалпы аумағы, шығу себебі және келтірілген материалдық шығын көлемі анықталуда.