Екібастұзда үйінен кетіп қалған жасөспірім Астанадан табылды

Екібастұзда үйінен кетіп қалған жасөспірім Астанадан табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

16 жастағы студент Жамбыл облысында тұратын әжесіне бармақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  ата-анасы 2008 жылы туған кәмелетке толмаған ұлын іздеуде екенін айтып арызданған. Ол Солнечный кентіндегі үйінен кетіп қалған. 

– Полицияның жеке құрамы дереу жоғалған адамды іздеуге бағытталды, – дейді  облыстық жергілікті полиция қызметі ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина. – Олар жасөспірім болуы мүмкін жерлерді, маршруттарды, жақын орталарды – достарын, туыстарын, таныстарын, әлеуметтік желілердегі байланыстарын тексерді. Оны соңғы рет көрген көптеген адамдардан сұрастырған. 

Келесі күні қабылданған шаралармен 16 жастағы студент Астана қаласынан табылған. Жасөспірім Жамбыл облысындағы әжесіне бармақ болған, бірақ қаражаты таусылып қалған. 

Өңірде еркімен үйден кетіп қалған 34 жасөспірім ата-аналарына қайтарылды. 

– Оған негізгі себеп – отбасындағы жанжалдар, – дейді   Бибігүл Қамзина. – Оған қоса,  кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамтудың ұйымдастырылмауы, қырсығу, махаббат, отбасылық қолайсыздық және жасөспірімнің өзі жеке тұлға болып, бақылаудан шығуға деген ұмтылысы. 

Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне 15 жасар баланың анасы да жүгінген.  Ол анасымен жанжалдан кейін үйден кетіп, телефонын өшіріп тастаған. Жедел қызметкерлер оны досының пәтерінен тапты. 

Полицейлер аймақ тұрғындарын балаларға үнемі назар аударуға, балаңызға  оны жақсы көретініңізді жиі айтуға кеңес береді. Ал жоғалып кеткен жағдайда дереу полицияға хабарласқан абзал.