Павлодар облысында полиция ардагерлерін құрметтеу дәстүрі жалғасуда

Құрметке бөленген ардагерлер көрсетілген ілтипат үшін алғыстарын білдіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласында полиция қызметкерлері ішкі істер органдарының ардагері Юрий Осетровты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Салтанатты кездесу үй жағдайында, жылы лебіздер мен құрметке толы атмосферада өтті.
Полиция бөлімінің басшылығы атынан ардагерге Алғыс хат табыс етіліп, ішкі істер органдарындағы көпжылдық адал еңбегі үшін ризашылық білдірілді. Сондай-ақ құрмет белгісі ретінде естелік сыйлық берілді.
– Сіз өміріңіздің ең ізгі жылдарын Отан мен халыққа қызмет етуге арнадыңыз. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбегіңіз, кәсібилігіңіз және антқа адалдығыңыз бүгінгі жас полицейлерге үлгі, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмас Бәйімбет.
Сондай-ақ Ертіс ауданында полиция бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлері ішкі істер органдарының ардагері Қайыржан Нұрсұлтановты 75 жылдық мерейтойымен құттықтады. Құрметке бөленген ардагер өзіне көрсетілген ілтипат үшін алғысын білдірді.
Қайыржан Нұрсұлтанов қызмет жолында ел тарихындағы маңызды оқиғалардың куәсі болып, аудан аумағындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды әшкерелеуге белсене атсалысты.
– Мен Ертіс ауылында дүниеге келдім. 1969 жылы мектепті бітіріп, кейін Байқоңыр маңындағы Кеңес армиясы қатарында әскери борышымды өтедім. Тіпті «Союз-11» ғарыш кемесінің ұшырылуын көрдім. Әскерден кейін милиция полковнигінің шақыруымен әңгімелесуден өтіп, ішкі істер органдарына қызметке қабылдандым. 1973 жылы Теміртауда бастапқы дайындықтан өтіп, учаскелік инспектор қызметінен еңбек жолымды бастадым, кейін тергеу бөлімінде жұмыс істедім, – деп еске алады ардагер.
Ол сондай-ақ 1970-жылдары ірі қаржы жымқыру мен мал ұрлығы істерін әшкерелеуге қатысқан.
– Суворов совхозында ірі көлемде қаржы жымқыру дерегін анықтадық. Ал Селета совхозында болған мал ұрлығы бойынша тергеу кезінде ұрланған жылқылар Новосібір облысынан табылып, совхозға қайтарылды, – дейді Қайыржан Нұрсұлтанов.
1996 жылы ардагер зейнетке шыққан. Бүгінде әке жолын ұлы Талғат – криминалдық полиция бастығының орынбасары, қызы Динара – Екібастұз қалалық әкімшілік сотының судьясы жалғастырып келеді.