Павлодарлық қыздар дін мен дәстүр бойынша білімдерін сарапқа салды

Наурыз мерекесі қарсаңында «Дін мен дәстүр» атты қыздар арасындағы облыстық білім байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Байқауды С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана орталық Мәшһүр Жүсіп мешітіндегі «Әйел-қыздар» секторымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Байқауға облыс бойынша тоғыз мешіт – Мәшһүр Жүсіп, Ақмешіт, Омар-әл Фарух, Ақсу мешіті, Екібастұз мешіті, Майқайың мешіті, Ғабдул уахид, Жандарбек, Тереңкөл мешіттерінің өкілдері қатысты. Әр мешіттен үш қатысушыдан құралған 9 топ бақ сынасты.
– Байқау сұрақтары «Дін мен дәстүр» кітабында қамтылған тақырыптарға негізделіп алынды. Қатысушы топтар өздерін көркем сөзбен таныстырды, ұяшық түрінде экраннан көрсетілген ұлттық салт-дәстүрге негізделіп, әзірленген сұрақтарға жауап берді. Әр мешіттің топтары қазақтың ұлттық бұйымдары мен ұлттық тағамдарын әкеліп таныстырды, – деді облыстық кітапханада.
Мәшһүр Жүсіп мешітінің әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбай, ұстаз Зәуре Шадиева, Рымтай Сапарбекқызы, кітапханашы Назым Ғизатқызы қазылар алқасында болып жүлделі орын иегерлерін анықтады.
Нәтижесінде 1-орынды Екібастұз мешіті, 2-орынды Мәшһүр Жүсіп мешіті, 3-орынды Омар-әл Фарух мешітінің топтары иеленді. Сонымен қатар, басқа қатысушыларға да заттай сыйлықтар беріледі.
Фото: С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана