Асайын Байханов шенеуніктердің халықпен кері байланысын нығайтуды тапсырды

Лауазымды тұлғаларға ескерту жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде 2025 жылдың негізгі жобалары мен аймақ басшысының тапсырмаларын іске асыру талқыланды. Жиналыста Асайын Байханов халықпен қарым-қатынасқа ерекше назар аударды.
– Сенімнің негізі – бұл жүйелі, дұрыс жолға қойылған жұмыс, оның ішінде ақпараттандыру және кері байланыс. Сіздер, билік өкілдері ретінде, ақпаратты уақтылы берулеріңіз керек, жасырып қалуға құқықтарыңыз жоқ. Бұл – заң бұзушылық, – деді Асайын Байханов.
Әсіресе, ішкі саясат пен баспасөз қызметтері бөлімдеріне сын айтылды. Ақсу, Екібастұз және Баянауылдағы жағдайлар, яғни ақпараттың жеткіліксіздігі мен уақытылы берілмеуі әлеуметтік наразылыққа әкелетінін көрсетті.
– Сіздердің міндеттеріңіз – маған келетін шағымдарды күтіп отыру емес, алдын-ала әрекет ету, – деп атап өтті облыс әкімі.
Барлық қала мен аудан басшылығына әкімге тікелей бағынатын баспасөз хатшыларын анықтау, 20 шілдеге дейін осы лауазымдарға конкурстар өткізу, халықтен кері байланысты парақшаларға жүктемей, ресми арналарды ақпараттың негізгі көзі ретінде пайдалану тапсырылды.
Сондай-ақ, Асайын Байханов басымдық берілген инфрақұрылымдық жобаларды, ақпараттық жұмыстарды, азаматтардың өтініштері бойынша жұмыстарды іске асыру барысын егжей-тегжейлі талқылады. Аймақ басшысы сандар мен динамиканы ғана көрсетумен шектеліп қоймай, жүйелі қателіктерді белгілеп, нақты тапсырмалар берді.
Ең негізгі бағыттардың бірі – инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Жоспарланған 303 бастаманың 89-ы аяқталып, 140 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, 31-і кестеден артта қалуда, 27-сі тоқтатылды.
Жиналыста тәуекел деңгейі жоғары Аққулы ауданының жобаларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Екібастұз қаласының әкіміне су құбырын қайта жаңарту және сорғы станциясын салу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, жол жобаларын іске асыру мәселелері қарастырылды. Биыл өңірде асфальт төсеу бойынша 116 жоба жүзеге асырылуда. Ал 60 жоба аяқталып, 30 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, 22 жоба тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған және 4 жоба тәуекел аймағында. Соның ішінде Аққулы-Қазы-Майқарағай жол учаскесінде төселген жабынның сапасы қойылатын талаптарға сәйкессіздігі анықталды.
Қалалар мен аудандардың әкімдеріне мерзім мен сапаны мүлтіксіз сақтау және барлық жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін аяқтау тапсырылды.
Жиналыста кадр мәселесі де талқыланды. Қалалар мен аудандардың әкімдіктерінде - 224 орын бос тұр, оның 50-і басшылық лауазымдар. Кадр мәселесі облыстың үш қаласында, сондай-ақ, Павлодар мен Ертіс аудандарында ең өзекті болып отыр. Аймақ басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды және 20 шілдеге дейін қажетті конкурстық рәсімдерді бастауды талап етті.
Жиын соңында әкім инвестициялардан бастап ақпараттық коммуникацияға дейін әрбір бағытта жүйелі қателіктер бар екенін атап өтті. Ол туындаған мәселелерді жасырмай, оларды шешу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, егер халық нәтижені көрмейтін болса кадрлық шешімдер қабылданатынын ескертті.