Павлодарда қолөнерді жетік меңгерген журналистер өз бұйымдарын көрмеге қойды
Мәдени іс-шара қатысушыларының ұлттық киіммен келуі кештің басты талаптарының бірі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қолөнер Fest»– қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көрсетілімі. Ұлттық қолөнерді насихаттау мен қолдау бағытындағы мәдени іс-шара.
«Ертіс медиа» ЖШС құрамындағы редакциялары арасында ұлттық қолөнерді меңгерген немесе хобби түрінде сүйіп айналысатын қызметкерлер өздерінің қолөнер бұйымдарын көрмеде көрсетті.
Кештің басты талаптарының бірі – мәдени іс-шара қатысушыларының ұлттық киімде болуы.
– Өткен жылы ұлттық киім күнін өткізген болатынбыз. Биыл біз бұл мақсатты кеңейтіп, ұлттық шығармашылық бағытындағы әріптестеріміздің талантын көрсеткіміз келді. Сондай-ақ, әдемі, жас журналистерімізді модель тұрғысынан танытуды көздедік. Ең бастысы, бұл эстафетаны басқа ұйымға жолдаймыз. Менің ойымша, әр ұйым өз қызметкерлері мен жұмысшыларының талантын көрсетуге қуанышты болады, – деді ұйым директоры Руслан Билялов.
Бұл ретте, Saryarqa samaly газетінің журналистері құрақ көрпе тігу, ұршық иіруден шеберлік сағатын көрсетті. Ал, Halyq Radiosy журналистері қамшы өруді көрсетсе, Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің жастары әшекейлі тақиялар мен ұлттық әшекейлерді қолдан жасап әкелді. Жарнама бөлімінің қыздары құрақ құрау өнерін паш етті.
Сонымен қатар, тоғызқұмалақ және бес асық ойындары көрсетілді. Кеш жүргізушілерінен холдинг қызметкерлеріне ұлттық таным бойынша сұрақтар қойылды.
Кештің шарықтау шегінің бірі ұлттық киімдердер дефилесі болды. «Ертіс Медиа» ЖШС қыздары «Вернисаж» сән үйінің «Тұмар» коллекциясын киіп, сән көрсетті.
Іс-шара соңында Saryarqa samaly газеті мен Aiqara.kz сайтының журналистері арасында қайым айтыс болып, көрермендерге көтеріңкі көңілкүй сыйлады.
Кеш қорытындысында «Қолөнер Fest» мәдени іс-шарасын өткізу кезегі Ertis телеарнасы ұжымына жіберілді.