Ақтоғайдағы төтенше жағдай режимі алынды
Тұрғын үйлерді су басу қауіпі толығымен жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтоғай ауданының төтенше жағдайлар комиссиясымен 2 сәуір күні ауылда енгізілген жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастау туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, қардың жылдам еруі мен жауын-шашынның, сондай-ақ, екпіні 25 м/с дейін жететін қатты желдің салдарынан дала аймағынан ауылға еріген қар суы ағып, нәтижесінде ойпаң жерде орналасқан 14 тұрғын үй су астында қалған болатын.
Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті билік органдарының күшімен су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері 190 мың текше метрден астам еріген су сорылды.
Ауылдың ойпаң жерінде орналасқан және су басу қаупі жоғары үйлерді су басу мәселесін шешу үшін өңірлік жедел штабпен сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 жаңа қазаншұңқыр қазу туралы шешім қабылданды. Бұл алдағы уақытта ауылды су басу қаупі мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.
Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ауылда тәулік бойы 12 ауыр техника қазаншұңқырларды қазу жұмыстарын жүргізуде. Тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылып, жағдай тұрақталды.
Су тасқыны кезінде үйлері зардап шеккен барлық ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілуде. Арнайы комиссия келтірілген залалды бағалау жұмыстарын жүргізуде, оның қорытындысы ағымдағы жылдың 10 сәуіріне дейін шығарылатын болады. Қорытындысы бойынша зардап шеккен үй иелеріне бюджеттен тыс қорлардан өтемақы төленеді.