Павлодар облысында тұрғын үйден өрт шықты

Павлодар облысында тұрғын үйден өрт шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Тілсіз жаудан үш адам құтқарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқыс оқиға 1 наурыз күні орын алған.

- 1 наурыз күні сағат 00: 46-да 101 пультіне Тереңкөл ауылындағы Целинная көшесінде орын алған  өрт жайлы хабарлама келіп түсті. Өрт үш бөлмелі қамыстан жасалған жеке тұрғын үйде болған. Жалын үйдің ағаш шатыр құрылымдарында  басталған, - делінген хабарламада. 

Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін жергілікті тұрғындар адамдарды құтқаруда маңызды рөл атқарды. Олар сол көшеден өтіп бара жатып, үйден шыққан түтінді байқап, дереу оқиға орнына қарай бет алған.

Үйге жақындаған кезде ер адамдар үйге кірер есіктің құлыптаулы екенін көрген. Уақытты жоғалтпай, бірден үй иелерін ояту үшін терезені сындырған. Жастардың батылдығы мен қырағылығының арқасында үш ауыл тұрғыны өртеніп жатқан үйден аман-есен шықты.  

Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер өрттің басқа үйлерге таралуына жол бермей, қысқа мерзімде өртті жойды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.