Павлодар облысында жүргізу құқығынан айырылған азамат қайта рөлге отырды
Сот құқық бұзушыға айыппұл салып, оның кінәсін толық мойындағанын ескерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы аудандық соты көлік құралын басқару құқығынан айырылған азаматқа қатысты әкімшілік істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың наурыз айында сағат 17:20 шамасында азамат Ж. жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, Аққулы ауданы Қызылқоғам ауылында «Chevrolet Captiva» автокөлігін басқарған.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген.
Анықталғандай, ол осыған дейін Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен 2033 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Істің мән-жайын, құқық бұзушылықтың сипатын және құқық бұзушының жеке басын ескере отырып, сот оған 30% қысқартумен 151 375 теңге мөлшерінде айыппұл салды.
Қаулы заңды күшіне енді.