«Ертіс орманында» кадр тапшылығы орын алуда
Жас мамандар шалғайдағы резерватқа жұмысқа тұруға асықпайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Вера Ким, Жарқынбек Амантайұлы және Нұржан Әшімбетов мемлекеттік табиғи орманға барды. Мұнда халық қалаулылары орманшылармен қорықтың мәселелерін талқылады.
Орман шаруашылығын қорғау қызметінің бөлім басшысы Қобыланды Атығаевтың айтуынша, былтыр орманшылардың жалақысы өскенімен, осы салада жұмыс істейтін жүргізушілер мен өрт сөндірушілердің еңбекақысы жоғарыламаған.
– Сала ардагерлері біртіндеп зейнетке шығып жатыр. Ал жастар қауымы бізге жұмыс істеуге келмейді. Жүргізушілер, тракторшылар, тазалаушылар және өзге де жұмысшылар азаматтық қызметкерлер санатына жатпайды. Бұған қоса, олар ауылдық жерде жұмыс істегені үшін 25% үстемеақы да ала алмайды. Олардың медициналық жәрдемақысы жоқ. Жалақысы төмен жұмыс орындарында адамдар ұзақ уақыт еңбек етпейді, – деді ол.
Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тек өрт сөндірушілердің жалақысы өсірілгенін түсіндірді. Болашақта техникалық персоналдың жалақысын 2 есе өсіру қажет.
– Біздің мақсат-міндетіміз – қайғылы оқиғалардан сабақ алып, жағдайдың қайталануына мүлдем жол бермеу. Тиісті жұмыс жүйелі жүргізілуде.Жабдықтарды жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Орман шаруашылығы мекемелерін толғандырған бұл мәселе өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынатын 3%-дық лизинг арқылы шешіледі, – деді депутат.
Ал депутат Вера Кимнің айтуынша, орман шаруашылығы саласына кадр тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану қажет.
– Орман шаруашылығы бейініне сәйкес келетін жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар шалғайдағы орман шаруашылықтарына жұмысқа орналасуға асықпайды. Себебі оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайын ұсынатын мүмкіндік жоқ. Кадрларды ұстап қалу үшін салада жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен ауданда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарын ұсыну, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй, жұмыс орнын ұсыну тәжірибесін кеңейту қажет, – деді ол.
Сондай-ақ, «Ертіс орманында» техника паркін жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 8 трактор сатып алынды.
– Біз Бурабай паркінен кейін екінші болып, ерте анықтау жүйесін орнаттық. Биыл сәуір айынан бастап 23 бейнебақылау мұнарасы іске қосылды. Оның кейбірі ақпаратты интернет арқылы емес, телефон желісі арқылы жібереді. Мәселен, 70 өрт ошағының 50-і осы камералар арқылы анықталды. Қызметкерлерді жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру – аса маңызды, – деді орман шаруашылығының бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Аметов.
Айта кетейік, резерватта тәулік бойы жұмыс істейтін қосымша 18 өрт бақылау мұнарасы бар. Олар жаңа жүйенің қателігін нақтылау үшін қалдырылды.