Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарған әйелдің тұрғылықты жері анықталды

Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарған әйелдің тұрғылықты жері анықталды
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

Оның баласына төлеуі тиіс қарызы 5 миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша аймақта бұдан бөлек баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген 247 борышкер анықталды.

– Департамент қызметкерлері баласына тиісті қарызын бермей жүрген борышкерлердің жүрген жерін анықтауға ерекше мән беруде. Бүгінде облыс аумағында кәмелетке толмаған балаларға қарызы бар тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп келеді, – делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары өкінішке қарай алимент төлемейтіндердің қатарында аналардың барын да айтады. Мәселен, жедел іздестіру жұмысы барысында бұрын іздеуде болған облыс орталығы 25 жастағы тұрғынының  жүрген жері анықталды. Оның қарызы 2021 жылдың желтоқсан айынан бері 4 миллион 450 мың теңгеге жеткен.  

Сонымен қатар, былтыр алимент бойынша қарызы бар азаматтарға тиесілі 41 автокөлік анықталған. Барлық автокөлік арнайы айып тұрағына қойылған. Ал борышкерлердің көлік құралдары туралы мәліметтер «Кибершериф» және «Мерген» автоматтандырылған жүйелеріне енгізіледі. 

– Негізі борышкердің жүрген жерін анықтау бұл алимент қарызын өндіріп алу дегенді білдірмейді. Полицияның өкілеттігі іздеуде жүрген тұлғаның орналасқан жерін анықтап, оны сот орындаушысына келуге міндеттеумен шектеледі. Алиментті өндіру сот органдары арқылы жүзеге асырылады, – делінген баспасөз хабарламада.

Еске сала кетейік, егер көші-қон қызметі бір ай ішінде алимент бойынша борышкердің орналасқан жерін анықтай алмаса, талапкердің өтініші негізінде тиісті құжат беріледі. Осы құжаттың негізінде борышкерді іздестіру кезеңінде балаларды асырауға арналған уақытша жәрдемақыны әлеуметтік қамсыздандыру органдары төлейді.