Павлодар облысында жүзден астам алимент төлеуші жазаланды

Павлодар облысында жүзден астам алимент төлеуші жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бойкүйез әкелер балаларына 7 миллион теңгеден астам алимент төлемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері алимент өндіру туралы атқару парағының талабын орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша 144 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 67 борышкер 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынды, 77 борышкерге әкімшілік айыппұл салынды.

– Сонымен қатар, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде кәмелетке толмаған балаларын асырау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 15 борышкер ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстың сот орындаушылары.

«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 138-бабының 1-тармағына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырау тәртібі мен нысанын дербес белгілей отырып, асырауға міндетті. Егер ата-ананың біреуі өз міндеттерін орындамаса, сот алимент өндіруге атқару парағын береді. 

– «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 125-бабына сәйкес мұндай құжатты орындамағаны үшiн борышкер әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн. Бұл оны атқарушылық құжаттың талаптарын орындау міндетінен босатпайды, – деп ескертеді облыстың сот орындаушылары.

Жеке сот орындаушысы Алтынбек Сұлтанов кәмелетке толмаған балаларын асырау үшін алимент өндіру бойынша 4 атқарушылық құжатпен жұмыс жасаған.

Салақ әкелер балаларына 7 миллион теңгеден астам алимент төлеуге қарыз болды. Борышкерлердің банк шоттарында қаражат болмаған, олар жұмыс істемеген, зейнетақы жарналары болмаған, жылжымалы және жылжымайтын мүліктері тіркелмеген.

Істердің бірінде сот орындаушысы борышкерге қатысты ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін сот органына жүргізуші куәлігін тоқтата тұру туралы ұсыныс жіберген. Кейін сот ұйғарымымен борышкердің атына берілген жүргізуші куәлігінің әрекеті алименттік қарыз өтелгенге дейін тоқтатылды.

– Осы атқару өндірісі бойынша борышкермен 2,6 миллион теңге алименттік қарыз толығымен өтелді. Қалған жағдайларда жеке сот орындаушысымен атқару шаралары аясында борышкерлер бірнеше рет шақырылып, қарызды өтеу қажеттігі ескертілді, – делінген хабарламада.

Жеке сот орындаушысының алимент бойынша берешекті өтеу қажеттігі туралы талаптарын борышкерлер жан-жақты орындамаған.

– Осыған байланысты Алтынбек Сұлтанов борышкерлерді ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы тиісті органдарға ұсыныстар енгізді. Аталған ұсыныстарды қарау барысында борышкерлерден 4,8 миллион теңге толық көлемде өтелді, – деді ведомствода.

Облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы борышкерлерді балаларына алименттерді уақытылы төлеуге шақырады.