Павлодарда қойма меңгерушісі 100 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған
Қалада аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша Б.-ға қатысты істі қарады. Ол қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін талан-таражға салды деп айыпталған.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында сотталушы материалдық жауапты тұлға бола тұра, азық-түлік қоймасының меңгерушісі ретінде шот-фактурасыз өткізілген тауарларды жымқырып, жетіспеушілікті жасырып келген.
2025 жылдың мамыр айында серіктестіктің бас кеңсесі қоймадағы өнімдерге түгендеу жүргізген. Тексеру алдында Б. өз әрекеттерін жасыру үшін қоймадағы жәшіктерді арнайы тәсілмен орналастыруды ұйымдастырған. Ол бос жәшіктерді төменге, ал үстіне толық жәшіктерді қойып, сыртынан скотчпен орап, толық жүк секілді етіп көрсеткен.
Алайда түгендеу барысында 102 миллион теңгеден астам өнімнің жетіспейтіні анықталды.
Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Дегенмен, оның кінәсі түгендеу актілерімен, сот-экономикалық сараптама қорытындыларымен және куәлардың айғақтарымен дәлелденген.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының бұрын сотталмағанын және жағымды мінездемесін ескерді. Соған қарамастан, жасалған қылмыстың ауырлығын негізге ала отырып, Б. кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеумен жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.