Павлодар облысында жерге орналастыру қызметтері жаңа мекенжайда көрсетіледі

Павлодар облысында жерге орналастыру қызметтері жаңа мекенжайда көрсетіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл өзгеріс 7 тамыздан бастап күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жерге орналастыру және кадастр саласына қатысты барлық коммерциялық қызметтер жаңа мекенжайға көшірілді. Енді азаматтар бұл қызмет түрлерін Жеңіс алаңы, 17-ғимарат, 102-кабинет мекенжайында ала алады. 

Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының мәліметінше, жаңа форматқа көшу – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мен оларды барынша қолжетімді ету мақсатында жүзеге асырылған. Бұған дейін бұл қызмет түрлері облыстағы ХҚКО ғимараттарында көрсетіліп келген.

– Қызметтердің барлығы бұрынғыдай облыстың барлық қала және аудандарындағы тұрғындарға қолжетімді. Енді барлық өтініштер мен құжаттар бір мекенде, білікті мамандармен қабылданып, заңнамаға сәйкес рәсімделеді, – деп атап өтті орталықта. 

Жаңа мекенжайда көрсетілетін коммерциялық қызметтердің тізімі кеңейтілген. Қазіргі таңда азаматтарға келесі 11 қызмет түрі ұсынылады:

1. Жер учаскелерін құру, бөлу, біріктіру, реттеу бойынша жобалар (шаруа және фермер қожалықтары, өндірістік нысандар, жекеменшік үйлер, гараждар, инженерлік желілер, автожолдар мен теміржолдар және т.б.);

2. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобаларын әзірлеу;

3. Ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобаларын әзірлеу;

4. Жер учаскелерінің шекараларын жергілікті жерде белгілеу;

5. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын белгілеу;

6. Санитарлық қорғау аймақтары мен басқа да қорғалатын аумақтардың шекараларын белгілеу;

7. Жер салығы мен жалдау ақысын есептеу үшін кадастрлық мәліметтер дайындау;

8. Кондоминиум объектілеріндегі жер үлесін есептеу;

9. Жер учаскелерінің түгенделуін жүргізу;

10. Топографиялық түсірілім жасау;

11. Кадастрлық ақпарат ұсыну.

Азаматтарды қабылдау дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін жүргізіледі. Түскі үзіліс – 13:00-ден 14:30-ға дейін.

ХҚКО өкілдері жерге орналастыру саласындағы қызметтердің сапасы мен жеделдігін арттыру алдағы уақытта да басты назарда болатынын айтты. Барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.