Павлодар облысында жыл басынан бері бес көлік өртенді
Көліктерде алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы маңызды. ТЖД көлік құралдарының өртену себептерін түсіндіріп, олардың алдын алу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, электр сымдарының қысқа тұйықталуы және қозғалтқышты қыздыру үшін ашық отты пайдалану көлік өрттерінің басты себептері болып табылады.
– Өткен жылы облыста көлік құралдарына қатысты 80 өрт тіркеліп, оның салдарынан бір адам қаза тапты. Ағымдағы жылдың басынан бері 5 оқиға тіркелді. Орташа алғанда, көлік 5-10 минут ішінде толығымен жанып кетуі мүмкін. Сондықтан өртті бастапқы кезеңде сөндіру өте маңызды. Бұл үшін әрбір көлікте алғашқы өрт сөндіру құралдары болуы тиіс, – делінген ТЖД хабарламасында.
ТЖД мамандары келесі әрекеттерді орындауды ұсынады:
- 101 немесе 112 нөмірі арқылы өртке қарсы қызметті дереу шақырыңыз;
- егер қауіпсіз болса, газ баллонның крандарын жабыңыз, аккумуляторды клемадан ажыратыңыз;
- алғашқы өрт сөндіргішті қолданып, жалынды сөндіріңіз немесе брезентпен, құммен, топырақпен, қыс мезгілінде қармен басыңыз;
- өрттің таралуына жол бермеу үшін жақын маңдағы көліктерді алшақтатыңыз.
Қауіпсіздік ережелерін сақтау және алғашқы өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалану ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі. Төтенше жағдайлар қызметі жүргізушілерді қырағылыққа шақырып, көліктерге техникалық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлуді ұсынады.