Павлодар облысында жүзге жуық тұрғын қараусыз малы үшін жауапқа тартылды
Екі мыңнан астам мал айып тұрағына қамалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, иесіз мал жол көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер облыстың автожолдарында тұрақты негізде патрульдеу жүргізеді. Нәтижесінде жыл басынан бері жолдарда бақылаусыз жайылып жүрген 2294 бас ауыл шаруашылығы жануарлары айып тұрағына қамалды. Ал осы малдардың 90 иесі жауапқа тартылды.
- Мысалы, Атамекен-Русская поляна автожолының 29 км-де жылқылар бақылаусыз жайылып жүрді. Кейінірек олар мамандандырылған тұраққа қамалды. Жылқы иесі анықталып, мал жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Құқықтық тәртіп сақшылары ауыр зардаптармен жол-көлік оқиғаларын тудыруы мүмкін иесіз жайылып жүрген малдың алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарымен профилактикалық жұмысты әлі де жүргізуде.