Павлодар облысында қоғамдық көліктің 75 пайызы – заманауи автобустар

Павлодар облысында қоғамдық көліктің 75 пайызы – заманауи автобустар
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жол инфрақұрылымы туралы мәлім етті. 

– Қалалардың жайлылығының негізгі факторларының бірі – қоғамдық көлік жүйесінің дамуы. Біз қазірдің өзінде осы салада белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік, оны қала тұрғындары оң бағалаған болатын. Бүгінде облыстың үш қаласы 75 пайыздық заманауи жоғары класты автобустарға ие. Соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды, – деді аймақ басшысы. 

Оның сөзінше, ағымдағы жылы 662 шақырымнан астам жол жөнделді. Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс орталығының трамвай жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 70 трамвайды жаңарту жоспарлануда. Осыдан екі апта бұрын біз Еуропалық қайта құру және даму банкімен 25 жаңа вагон сатып алу туралы бас келісімге қол қойдық. Олардың бірінші легі келесі жылдың бірінші жартыжылдығында келуін күтудеміз, – деп атап өтті Асайын Байханов. 

Биыл қыркүйек айында Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталды. Жұмыстар 2025 жылдың қазан айында аяқталуы тиіс. 

–Демеушілік қаражат есебінен Павлодар теміржол вокзалын жаңарттық. Ал, Екібастұз вокзалын дәл осылай жаңғырту келесі жылдың наурыз айында аяқталады, – деді облыс әкімі. 

Еске сала кетейік, Павлодарда келесі жылы наурыз айында екі мектеп қолданысқа беріледі.