«Мен адасып кеттім...»: Майқайың маңында ер адам іздестірілуде

«Мен адасып кеттім...»: Майқайың маңында ер адам іздестірілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол жұмыс сапарымен барған кезде көлікпен сорға түсіп, әріптесін күтуі тиіс болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

28 сәуір күні жұмыс сапарымен шыққан бес адамның бірі – 39 жастағы Рашат Кенин із-түссіз жоғалып кетті. Қазір оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Алдын ала мәліметтер бойынша, Павлодардан шыққан топтың көлігі Майқайың маңындағы далада сорға түсіп қалған. Қалаға қайту шешімі қабылданып, әріптестердің бірі жақын маңдағы геодезиялық базаға барып, Майқайың кентінен көмек сұрауға кеткен. Рашат сол жерде көліктің жанында қалып, әріптесін күтуі тиіс болған. Алайда кешкі сағат 21:40 шамасында әріптесі базаға барып қайтқан соң, Рашаттың күтілген орында болмағаны анықталған, – деп мәлімдеді «VITA» іздестіру тобы.

Кейінірек анықталған деректерге сүйенсек, шамамен сағат 20:00-де Рашат геодезиялық базаға өзі жетіп, шай ішіп, тоңбау үшін жылы киім (күпәйке) алған. Ол көмек сұрауға кеткен әріптесі жайлы біліп, өзі көлік тұрған жаққа қайта кеткенін айтқан.

29 сәуір күні таңғы 8:24-те Рашат жұбайына қоңырау шалып, қайда екенін білмейтінін, адасып кеткенін айтқан. Осыдан кейін байланыс үзілген.

Қазіргі уақытта ер адамды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Волонтерлер мен құтқарушылар Майқайың маңындағы елді мекендер мен дала алқаптарын шолып жатыр. Жоғалған азамат елді мекендерге жаяу жетуге тырысуы мүмкін, жолда көліктерді тоқтатуы ықтимал.

– Егер сіз Рашат Рахметоллаұлын көрсеңіз немесе оның қайда екені туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, +7(747)615-55-63 және +7(777)334-82-01 нөміріне дереу хабарласуыңызды сұраймыз, – дейді «VITA» волонтерлері.

Іздестіру тобы кез келген ақпарат маңызды екенін атап өтеді. Дала жағдайы қиын, сондықтан уақыт шешуші рөл атқарады.