Ертіс өңірінің басты хоккей командасы бүлдіршіндерді қуантты
Спортшылар дәстүрлі акциядан жиналған сыйлықтарды иелеріне табыстап, кішкентай жанкүйерлердің жаңажылдық арманын орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс» хоккей клубының баспасөз қызметі мәлімдегендей, «Мишкопад» қайырымдылық акциясы аясында жиналған ойыншықтар отбасылық үлгідегі балалар ауылына жеткізіліп, мерекелік тартулардың негізгі бөлігіне айналды. Бұл шара балалардың жүзіне шынайы қуаныш ұялатып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кездесу барысында хоккейшілер балалармен жылы әңгімелесіп, бірге ойын ойнап, кәсіби спорттағы қызықты сәттерімен бөлісті.


Спортшылар балаларға тек ойыншықтар ғана емес, сонымен қатар 70 тәтті сыйлық, шырындар және алдағы ойындарға арнайы шақыру билеттерін табыстады. Хоккейшілер мұндай кездесулер өскелең ұрпақты шабыттандырып, асқақ армандарға сенуге күш беретініне сенімді.

Клубтың баспасөз қызметі атап өткендей, жанкүйерлер сыйлаған ойыншықтардың көп болғаны соншалық, клуб өкілдері олардың бір бөлігін қалалық балабақшалардың тәрбиеленушілеріне де үлестіруді жөн көрді. Осы игі бастамаға атсалысып, мейірімділік танытқан барша жанкүйерлерге клуб әкімшілігі алғыс білдіреді.