Ақтоғай ауданының тұрғыны сотқа құрметсіздік көрсеткені үшін жазаланды
Ер адам соттың сөзін бөліп, оның ескертулеріне құлақ аспаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл тұрғыны азаматтық істі қарау кезінде сотқа құрметсіздік көрсеткен.
– Куәгер Д.-ны сұрау кезінде ол өзін эмоционалды түрде ұстап, төрағалық етуші соттың және процеске қатысушылардың сөзін бөліп отырды. Төрағалық етушінің залда тәртіп бұзуға жол бермеу туралы бірнеше рет ескертуіне қарамастан, ол оған құлақ аспай, сот процесінің қалыпты өтуіне кедергі келтірді. Осылайша, ол сотқа құрметсіздік көрсеткенін айқын дәлелдейтін әрекеттер жасады, – деді соттың баспасөз қызметі.
Алайда ер адам өз кінәсін мойындамай, соттың ескертулерін естімегенін айтты.
– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 653-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сотқа құрметсіздік көрсету, яғни сот отырысында төрағалық етушінің бұйрықтарына бағынбау, сотта белгіленген ережелерді бұзу немесе сотқа және (немесе) сотқа құрметсіздік көрсететін өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) ескертуге, не жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Заң процеске қатысушылардан сотқа, яғни мемлекеттік сот билігінің институтына құрмет көрсетуді талап етеді. Процеске қатысушылардың сотқа деген құрметсіздігіне қатысты кез келген факт назардан тыс қалмауы және тиісті әрекет қолданылуы тиіс, – деп атап өтті сот өкілдері.
Әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін ер адамға ескерту жасалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.