Павлодарлық өрт сөндірушілер жылыту маусымында пеш жағуда абай болуға шақырады

Өткен жылы өрттен 30 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жыл сайын жылыту маусымы алдында өрттердің алдын алу, адамдардың қаза болуына және жарақат алуына жол бермеу үшін жоспарлы іс-шаралар атқарылады. Оған азаматтық қорғау қызметкерлері, жергілікті полиция, еріктілер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлімдеді. Бүгінгі күні облыс әкімінің бекітуімен 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын секторда өткізілетін іс-шаралар жоспары қабылданды.
– Осыған сәйкес рейдтік тексерістер ұйымдастырылып, ең алдымен тұрғын үйлер қамтылуда. Өйткені өңірдегі өрттердің басым бөлігі дәл осы аумақта тіркеледі, – деді ол.
Өткен жылы облыста 191 өрт болып, 30 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген. Оқиғалар салдарынан 10 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған.
– Жылу маусымына дайындық аясында 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Нәтижесінде 15 мыңнан астам үй араланып, 26 мыңнан аса тұрғын қамтылды. Әлеуметтік осал топтағы үйлерге 352 улы газ датчигі орнатылды, – деді Қайрат Шаймарденов.
Сондай-ақ, қысқы кезеңде тұрғындар көбіне отын немесе киім-кешекті пештің үстіне кептіреді. Мұндай жағдайда өрттің шығу қаупі артады және ол ірі көлемдегі өртке дейін әкелуі мүмкін. Әсіресе, мұндай жағдайлар көбінесе түнгі уақытта, адамдар ұйықтап жатқанда орын алады.
– Осыған байланысты өңіріміздің тұрғындарына пешті пайдалану кезінде және жалпы жылыту маусымына дайындық барысында қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды еске саламыз, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары.
Сондай-ақ, қыркүйектен бастап мектептерде балаларға арналған ашық сабақтар өтіп, мекемелерде эвакуациялық жаттығулар ұйымдастырылды. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде.