Павлодар облысында қанша адам Шегрен синдромымен ауырады?

Павлодар облысында қанша адам Шегрен синдромымен ауырады?
Ашық деректерден алынған фото

Аймақта көбінесе ревматоидті артрит жиі кездеседі, бұл диагноз 3124 тұрғында расталған.

@Pavlodarnews.kz тілшісі Шегрен синдромына шалдыққан адамның өмірі қалай өзгеретіні туралы дәрігерлерден біліп көрді.

Синдром атауы швед офтальмологы Хенрик Шегреннің құрметіне  қойылған. 1930 жылдары ол аурудың табиғатын сипаттап, ерлерге қарағанда әйелдерде симптомдардың жиі кездесетінін анықтаған. Әдетте, ауру 40 жастан асқан адамдарда дамиды.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, Павлодар облысында Шегрен синдромы сирек кездеседі. Бес жыл ішінде ревматологтар сегіз жағдайды тіркеген. Оның біреуі – Екібастұзда, қалғаны – Павлодарда.

Шегрен синдромының симптомдары қандай?

Бұл – созылмалы аутоиммунды ауру. Осыған байланысты теріде, көзде және ауызда құрғақтық сезімі болады. Буындар, бүйрек, бауыр, өкпе, жүйке мен тері бірден зардап шегеді. Иммундық жүйе мұрын мен тамақтың, қынаптың, ішектің немесе өкпенің шырышты қабығына әсер етуі мүмкін.

Дәрігерлер бірнеше симптомдарды анықтаған:

 • құрғақ тері және қотырлар;

 • ұзақ шаршау және әлсіздік;

 • буындардың ауыруы, ісінуі;

 • көз жасы мен сілекейдің болмауы;

 • ауыз қуысындағы жаралар;

 • құлақ маңы және төменгі жақ асты бездерінің ұлғаюы.

Емдеу жолдары

Айгүл Мұқышеваның айтуынша, науқастардың өмір салты күрт өзгермейді. Адамға терапия қажет, бірақ үйде де ем алуға болады. Жағдайы нашар болса, науқас ауруханаға жатқызылады.

– Павлодарлық мамандар мұндай ауруларды фармакологиялық және фармакологиялық емес әдістерді қолдана отырып емдейді, – деді Айгүл Мұқышева. – Дәрігерлер науқастарға глюкокортикостероидтар, алкилирлеуші цитостатиктер, гендік-инженерлік биологиялық препараттар, көз тамшылары, жақпа майлар деген дәрігерлерді тағайындайды.

Шегрен синдромына шалдыққан кейбір павлодарлықтар ешкіммен байланыспауға тырысады. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша науқастар жұмыс және демалыс кестесін өзгертуге, ұйқының мөлшерін бақылауға, инфекцияның созылмалы ошақтарын үнемі емдеуге, дәрі-дәрмектерді қабылдауға және жаман әдеттерден бас тартуға мәжбүр.

Синдром қатерлі ісік тудыруы мүмкін

Егер ауру жүкті әйелде расталса, онда оның жағдайын ревматолог және акушер-гинеколог бақылайды. Ревматолог әр жүкті әйелдің дәрігерге қаралуы кезінде аурудың дамуын бағалайды. Егер елеулі өзгерістер орын алса, терапия өзгертіледі.

Айгүл Мұқышева аутоиммунды ауруға емханаларда, облыстық ревматология орталығында және ревматолог дәрігері бар кез келген жеке меншік емханаларда тексерілуге болатынын айтады.  Сұлтанов атындағы ауруханада да ревматологиялық орталық орналасқан. Онда тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлар бар, дәрігерлер амбулаторлық қабылдауды қамтамасыз етеді.

– Жаңа емдеу әдістері жоқ. Науқастар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамасына сәйкес емделуде, – деді Айгүл Мұқышева.

Шегрен синдромын толық емдейтін дәрі жоқ. Бірақ бұл ауруды жеңуге болатын жағдайлар болды.