Маусымдық аллергия: Ата-аналар өсімдіктердің гүлденуі кезінде неге мән беруі керек?

Аллергия кезінде дәрігерге неғұрлым тез жүгінсе, емдеу соғұрлым оңай және тиімді болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігері, балалар аллергологы Рауза Джекесова мамыр-маусым айларында ағаштардың шаңдану, гүлдену маусымы ерекше белсенді екенін атап өтті.
– Біздің аймақта бұл үйеңкі, қайың, терек ағаштары. Кейінірек дәнді шөптердің гүлденуі басталады, атап айтқанда, Бетеге, Тимофеевка. Ал тамыз-қыркүйек айларында – арамшөптер: ирмен, көкпек, амброзия шаңданады. Ата-аналар температурасыз қайта-қайта мұрыннан су ағу, жиі құрғақ жөтел, ентігу, әр көктемде немесе жазда симптомдардың өршуі сияқты симптомдарға назар аударуы керек, – деді дәрігер.
Поллиноз деп аталатын маусымдық аллергия арамшөптердің гүлденуімен белсенді түрде дамиды. Аллерголог арамшөптердің белсенді тозаңдануы кезінде бірнеше қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады.
– Осы уақытта гүлдену кезінде серуендеуден аулақ болған жөн. Маска, көзілдірік, қалпақ кию, гүлдену кезінде бөлмелерді желдетпеу, көшеден кейін бетті, мұрынды, көзді жуып отырған абзал. Аллергия тудыратын өнімдерді алып тастау, мысалы, қайыңға аллергия кезінде алма, алмұрт, өрік жемеу, ирменге аллергия болса бал, жаңғақтар, халва, бал, дән, қарбыз, қызанақ сияқты өнімдерден бас тартқан дұрыс, – деді Рауза Джекесова.
Дәрігердің айтуынша, аллергияға қарсы көптеген дәрі-дәрмектердің болуына қарамастан, дәрігер кеңесімен алған өте маңызды, өйткені әр адамның дәрі-дәрмектерге жеке сезімталдығы бар.
Ол антигистаминдер бірнеше топқа бөлінетіні, супрастин және фенистил сияқты бірінші топ препараттары ұзақ мерзімді аллергияға қолданылмайтынын атап өтті. Себебі, олар қысқа мерзімді әрекет етеді – оларды күніне үш-төрт рет қабылдау керек, өйткені 6-8 сағаттан кейін әсері кетеді. Бұл препараттар седативті әсер етеді, қан-ми тосқауылынан өтеді, ересектерге, әсіресе жүргізушілерге ұсынылмайды. Екінші буынға цетиризин, зодак, парламензин, лоратадин, дезрол және басқалары сияқты заманауи препараттар кіреді.
– Аллергияны диагностикалау күрделі, бірақ қажет процесс. Балалардағы ауруды неғұрлым ерте анықтаса, оның көріністерін бақылау оңайырақ болады, өйткені аллергияның кейбір түрлері мүгедектікке әкелуі мүмкін. Ата-аналарға 18 жасқа дейінгі балаларды тексеруге және аллергияға тест тапсыруға кеңес беремін. Бұл тегін, ал ересектер үшін ақылы негізде жүргізіледі, – деді аллерголог.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы Қазақстанда балаларға тегін аллергиялық сынақтар жүргізе бастаған алғашқы өңір болды. Кейбір аймақтарда мұндай зерттеулер ақысыз негізде әлі қол жетімді емес.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында әр оныншы адамның аллергиясы бар. 2024 жылдың соңындағы ақпарат бойынша өңірде 2000 балаға бронх демікпесі диагнозы қойылған.