Павлодар облысында «жасыл» электр станса салынуы мүмкін

Павлодар облысында «жасыл» электр станса салынуы мүмкін
Фото: pexels.com/Игорь Альшин

Тағы үш өңірде осындай жоба іске асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мәжіліс 2024 жылғы 12 қарашада Баку қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялады. 

Құжат аясында тараптар жаһандық жылынумен күресу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері мен тұрақты даму саласындағы жобаларды ілгерілету, әзірлеу және жүзеге асыру үшін күш біріктіреді. 

Келісімге сәйкес жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын үш жел электр стансасы және қуаты 0,3 ГВт болатын бір күн электр станциясы салынады. Жобалар Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында іске асырылатын болады. 

Нәтижесінде 100-ден астам тұрақты және шамамен 1500 уақытша жұмыс орны ашылады, 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылады, сондай-ақ жыл сайын 5,7 млрд кВт/сағаттан астам «жасыл» электр энергиясы өндіріледі. Қазақстан тарапынан бірлескен инвестор ретінде «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қатысады. 

Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңартылатын энергия көздерінің үлесі бойынша индикативтік көрсеткіштерді (оның ішінде 2030 жылға қарай 15%-ға жету мақсаты) орындауды қамтамасыз етіп, ұлттық стратегиялық құжаттарда бекітілген Қазақстан Республикасының көміртекті бейтараптық мақсатына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.