Павлодарлықтар сүйектердің сыну ықтималдығын қайда анықтай алады?

Остеопорозды ерте кезеңде диагностикалауға арналған жабдық сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында америкалық компания өндірген премиум санаттағы GE Lunar prodigy advanced остеоденситометр аппараты орнатылды. Өңірде бұрын-соңды болмаған құрылғының құны 100 миллион теңгеден асады. Денситометрия арқылы остеопорозды ерте кезеңде анықтап, уақтылы емдеуді бастауға болады. Талдау кальций деңгейін, сүйектердің тығыздық пен құрылымын, қалыңдығын өлшеп, көрсетеді.
– Жаңа аппарат сүйектің молекулалық құрылымын өлшеп, оның төмендеуіне байланысты сыну қаупін есептейді. Сондай-ақ, оның көмегімен висцеральды, тері астындағы майды пайызбен өлшеуге болады, – деді рентгенология бөлімшесінің меңгерушісі Виталий Мельников.
Науқас тексеріске учаскелік терапевтің жолдауымен кіре алады. МӘМС жүйесінде тіркелген адамдар денситометрияны тегін өтуге мүмкіндігі бар. Сақтандырылмаған павлодарлықтар ақылы түрде зерттеуге жазыла алады.
– Аппарат сенсоры жатқызылған адам денесінің белгілі бір аймағын сканерлейді. Зерттеу тез жүргізіледі 5-15 минуттан аспайды. Бұл құрылғының артықшылығы – сүйек тығыздығын сандық сипаттамаларды өлшеу. Ал қарапайым рентгенде тек сурет қана шығарылады, – деді Виталий Мельников.
Оның сөзінше, остеопорозды классикалық рентгенография – компьютерлік томография, МРТ кезінде анықталады. Алайда ол тек аурудың айқын белгілері пайда болған кезде, яғни сүйек массасының айтарлықтай жоғалуы 30% -дан асып кеткенде көрінеді. Ал денситометр сүйек тіні 12%-дан төмендеп кеткен көрсеткіштерді есептеп, ауытқуды анықтайды.
– Денситометр ревматоидты артрит, қант диабеті, бүйректің, бауырдың созылмалы аурулары, химиотерапиядан ұзақ уақыт бойы өткен науқастарға тағайындалады, – деді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының заманауи ұсыныстары бойынша остеопороз диагнозын қою үшін L1 және L4 омыртқаларын, сондай-ақ жамбас, бел омыртқасын аталмыш аппарат арқылы диагностикалау қажет.
– Бұл жабдық басқа да дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Тіпті тәуекел тобына кіретін науқастар профилактикалық мақсатта денситометрияны жасата алады. Ал жалпы айтқанда 60 жастан асқан әйелдер және ер адамдардың сүйек сыну қаупі жоғары болып келеді, – деді дәрігер.
Екібастұз қаласының тумасы Лидия Фатыхова – құрылғының пайдасын көрген алғашқы науқас. 74 жастағы әйелдің бүкіл денесі ауырғандықтан, дәрігерлерге қаралуға бел буды.
– Қалада осындай аппараттың барын естіп, келдім. Бұл адамдарға көмектесіп, пайдасына жарап қалады деген сенімдемін, – дейді зейнеткер. – Сынықтар болмаған, алайда тізе, қол, иық, жамбас буындарының ауырсынуы мазалайды. Бүкіл денем ауырады. Тіпті қозғала алмай, төсектен тұрмай, жатқан кездерім болады.
Диагностика нәтижесі әйел адамның микроархитектониканың бұзылуына байланысты омыртқа аймағында аздаған остеопения бар екенін көрсетті. Дәрігер науқасқа оның аса қауіпті емес екені жайында айтып, арнайы ұсыныстары бойынша антиостеопороздық препараттармен емдеу қажет емес деген қорытындыны жасады.
– Егер остеопороздың асқынған жағдайы анықталса, онда науқас ревматолог немесе эндокринологқа барады. Адамнан остеолизге, сүйекті модельдеуге арналған нақты сынақтар алынып, белгілі бір антиостеопороздық препаратты тағайындау туралы шешім қабылданады. Дәрілер инъекция немесе таблетка түрінде болады. Содан кейін денситометрияның зерттеулері науқасты одан әрі динамикалық бақылау үшін керек болады, – деп атап өтті Виталий Мельников.
Ал аурухананың ревматологиялық орталықтың меңгерушісі Ақылбек Бижановтың айтуынша, егер адамның бойы бес сантиметрге төмендесе, құлап қалған жағдайда сынықтар бірден пайда болса ол остеопороздың барын білдіреді.
– Денситометрия остеопороз диагнозын 100 пайыз қоя алады. Ол сонымен қатар Д дәрумені, сілтілі фосфатазаны тапсырып, анықталады. Алайда қандағы кальцийді анықтап, оның қалыпты дәрежеде болғаны остеопороз жоқ дегенді білдірмейді. Остеопороз болса да, қандағы кальцийдің жоғары деңгейі болуы мүмкін, – деді Ақылбек Бижанов.
Павлодар өңірінде адамдардың остеопорозға шалдыққан себебі күн сәулесінің аз болуы және рациондағы теңіз өнімдерінің аз болуы.
Айта кетейік, асқазан-ішек жолдарының, бауыр, бүйректің ауруы және әртүрлі эндокриндік бұзылыстар болған кезде, ұзақ жүйелі гормоналды терапия тағайындалғанда, метаболизмнің бұзылуына байланысты денситометрия зерттеуінен өтуге болады.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы, Павлодар облысы әкімдігінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 00986 лицензиясы
Жарнамалық материал