Павлодар облысында медициналық мекемелердегі жөндеу жұмыстары қалай жүргізілуде

Павлодар облысында медициналық мекемелердегі жөндеу жұмыстары қалай жүргізілуде

Құрылыс жұмысы жүріп жатқан нысандар арасында уақытынан кешігіп жатқандары да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, ағымдағы жылы денсаулық сақтаудың 18 объектісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Павлодар ауданының Набережное ауылында, Ақсу қаласының ауылдық елді мекенінің Пограничник ауылында және Екібастұз қаласының ауылдық аймағына жататын Марғұлан  кентінде 3 жаңа ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланған. 

- Қазрігі таңда Набережное ауылының дәрігерлік амбулаториясы мен Пограничник ауылының фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталу сатысында. Марғұлан ауылындағы құрылыстың мердігерлері жұмыстың мерзімін ұзартуда. Олар тапсыру кестесінен кешігіп жатыр. Құрылыс басқармасына шағым өтініші берілді. Мердігер ұйым 90% жұмысты орындады. Қалған жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтайтынын айтып отыр. Мерзімі мен құрылыс сапасы басқарма басшысының жіті бақылауда болады, - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жүріп жатқан 7 нысанда жұмыс аяқталса, қалған 7-нің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 4 объектінің жөндеу жұмысын аяқтау мерзімі желтоқсан айына жоспарланған. Айта кетерлігі, бұл ғимараттар арасында соңғы 30-40 жыл ішінде мүлдем жөндеуден өтпеген нысандар бар.