Павлодарда Гагарин көшесіндегі үйдің жертөлесін су басты

Павлодарда Гагарин көшесіндегі үйдің жертөлесін су басты
Фото: жасанды интеллект

Тұрғындар апатты жағдайды жоюға өз қалтасынан ақша шығарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Гагарин көшесі, 89-үйдің тұрғындары жертөленің шілде айынан бері суға толып тұрғанын айтып, мәселені қала әкіміне жеткізді. Олардың айтуынша, бұрынғы кондоминиумді басқару кооперативі бұл түйткілді шешпеген. Тұрғындар апаттық қызметке жүгініп, суды сорғызу үшін 40 мың теңге төлеген. Қазір бұл қаражатты өздері өтеп жатыр.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков мәселені шешу үшін үйге қызмет көрсететін ұйымды қайта таңдауды ұсынды.

– Тұрғындар өздері қызмет көрсететін ұйымды анықтайды. Ол үшін барлық тұрғындардың жалпы жиналысын өткізіп, хаттама жасау қажет. Тұрғындардың 51 пайызы дауыс беруі тиіс, – деді ол.

Әкімнің айтуынша, тұрғындар жылыту маусымына дайындықсыз қалмауы үшін жауапты қызмет көрсетуші компанияны анықтау қажет. Осыған байланысты жауапты мамандарға тиісті тапсырма берілетінін айтты. Жалпы жиналысқа үй тұрғындары мен қазіргі кондоминиумді басқару кооперативі өкілдері шақырылып, жаңа қызмет көрсетуші ұйым таңдалады.

Кездесу кезінде тұрғындар балалар алаңдарының мәселесін де көтерді. Олардың сөзінше, балалар ойнайтын екі алаң үй аумағына кірмейді.

Хасар Хабылбеков аталған мәселені келесі жылдың жоспарына енгізіп, жаңа балалар алаңын салу мүмкіндігін қарастыруға уәде берді.