Павлодар облысында құрғақ шөпті қасақана өртеген адам жазаланды

Павлодар облысында құрғақ шөпті қасақана өртеген адам жазаланды

Ол Әуелбек ауылының маңында Ертіс өзенінің жағасындағы құрғақ шөпті өртеп жіберген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2 сәуір күні №15 ӨСБ байланыс пультіне құрғақ шөпті өртеп жіберген күдіктінің бар екендігі туралы телефон хабарламасы келіп түскен.

Оқиға орнына бастапқы материалдарды жинау және кінәлі адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Ақтоғай ауданының ТЖ бөлімінің қызметкері жіберілді.

Әуелбек ауылында орналасқан бір кәсіпорынның аумағында құрғақ шөпті өртеп тұрған адам бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ақтоғай ауданы ТЖБ және Қараоба ауылдық округінің әкімдігі қызметкерлерінің бірлескен жұмысымен, камералардан алынған жазбалардың көмегімен Ертіс өзенінің жағасында құрғақ шөпті кім өртегенін анықтады.

Күдіктінің сауалнамасы нәтижесінде Әуелбек ауылының маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында "Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының" 15-тармағын бұзып, ерекше қорғалатын табиғи аумақта шөптесін өсімдіктерді өртегені анықталды.

Аталған азамат "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің" 367-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 172500 теңге сомасында айыппұл салынды.