Павлодарда «Ертіс ырысы» көрмесіне 80-нен астам өндіруші жиналды

Павлодарда «Ертіс ырысы» көрмесіне 80-нен астам өндіруші жиналды
Фото: автор

Кәсіпкерлер ет, сүт және нан өнімдерін көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай «Ертіс ырысы» көрмесі өтті. Оған облыстың барлық ауданынан және Павлодар қаласынан 80-нен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысты. Жергілікті кәсіпкерлер өңірде жасалған өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және кооперацияны дамыту бөлімінің басшысы Ерқанат Әубәкірдің айтуынша, көрмеге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алған шаруашылықтармен қатар, жеке өндірісін жолға қойған кәсіпкерлер де келген.

– Аққулы ауданынан бал және қымыз өндіретін «Бірлік» шаруа қожалығы, сондай-ақ бал өндіруші «Бақтияр» шаруашылығы қатысып отыр. Павлодар қаласынан «Аква ферма», «Рубикон», «Best et», «Greenwich» сияқты кәсіпорындар өз тауарларын әкелді. Мұндай көрмелер мерекелік күндерге орай ұйымдастырылады. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері апта сайын өтеді. Желтоқсан айында да осындай көрме өткізу жоспарымызда бар, – деді Ерқанат Әубәкір.

Шараға қатысқан кәсіпорындардың бірі – сегіз жылдан бері ет өнімдерін шығаратын «Best et» компаниясы. Өндіріс өкілі Нұрбике Жұмағазин келушілерге кәсіпорынның ассортиментін таныстырды. Онда хан қазы, маринадталған қазы, асып шұжық, ішекке салынған шұжықтың бірнеше түрі, бұжы, түрлі шұжықтар, жая, қарын және ысталған ет өнімдері бар.

– Біз көрмеге өз өнімдерімізді алып келдік. Компаниямыз сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Ассортиментімізді үнемі жаңартып, жаңа өнімдер шығаруға тырысамыз. Етті өзіміз өндірмейміз, малды шаруашылықтардан сатып аламыз. Негізгі бағыттарымыз – қой, сиыр және жылқы еті, – деді Нұрбике Жұмағазин.

Баянауыл ауданының өкілдері де ет және сүт өнімдерін ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбековтің сөзінше, жергілікті шаруашылықтар негізінен мал өсірумен айналысады. Келушілерге шағын наубайхананың өнімдері, «Берекет бір» түйе фермасының шұбаты және Қызылтау ауылдық округіндегі «Қозы ата» шаруашылығының қымызы мен сүт өнімдерін таныстырды.

– Ауданымызда негізінен шағын шаруа қожалықтары өнім шығарады. Кәсіпкерлердің кейбірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылады. Қазір өнім түрлерін көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Биыл қажетті жабдықтарға байланысты жоспарымызды толық жүзеге асыра алмадық. Келесі жылы жартылай фабрикаттар, консервілер және вакуумдық қаптамадағы өнімдер шығаруды көздеп отырмыз, – деді Еркін Арыстанбеков.

Еске сала кетейік, облыста ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтіп, аграрлық салада еңбек етіп жүрген үздіктер мемлекеттік және өңірлік марапаттарға ие болды.