Павлодар облысында құтыру жағдайлары көбейді
Төрт ауданда иттердің қауып алу фактілері артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.
– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы емдеу желісіне 1836 адам антирабиялық көмекке жүгінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 жайғдайға көп. Әсіресе Железин, Май, Тереңкөл және Баянауыл аудандарында құтыру фактілерінің артқаны байқалады,– деді ол.
Дәрігердің сөзінше, зардап шеккендер жараны дереу жылы сумен, сабынмен жуып, дереу травматологиялық пункттерге жүгіну қажет. Әрбір медициналық ұйымда құтыруға қарсы егу курсы тағайындалады. Тұрғындар емді тегін алады.
– Қауып алған итті өлтіруге болмайды. Ветеринарлар жануарларды медициналық бақылауда ұстайды, – деді Зәмзәгүл Досжанова.
Оның айтуынша, облыста құтырудың салдарынан өлім-жітім тек 2015 жылы ғана тіркелген.
– Ақсу ауылдық аймағында өзінің иті қауып алған адам медициналық көмекке жүгінбегендіктен қайтыс болды. Онымен қарым-қатынас жасаған 12 отбасы мүшесі тексерілген, – деп атап өтті Зәмзәгүл Досжанова.
Айта кетейік, құтыру – орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталатын адамдар мен жануарлардың ауыр инфекциялық ауру және профилактикалық вакцинация болмаған жағдайда зардап шеккен адам ажал құшады.