Ақсуда ит үш жасар балаға шабуылдады
Оқиға Строителей көшесі, 10 мекенжайында орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ақпарат Instagram aksu.ermak парақшасында пайда болды. Желі қолданушысы Строителей көшесі, 10 және 6 мекенжайы арасындағы екі үйдің ортасында орналасқан балалар алаңында иттер жиі жүретінін жазған.
– Ит үш жасар балаға шабуылдады. Қасында ересек адамдар болмағанда бұл оқиғаның немен аяқталатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Ит қарғыбаусыз жүрген. Иесі алкогольдік мас күйде болған. Ол иттің баламен ойнағысы келгенін айтқан. Тіпті, өзі итті подъезге кіргізе алмады. Ит бой бермеді, – дейді хаттың авторы.
Ақсу қалалық полиция бөлімінде аталған факті бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Иттің қожайынына қатысты Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 407-2-бап – «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында Октябрьская көшесіне қабаған ит пакетпен кетіп бара жатқан адамға шабуылдаған. Сол сәтте ветеринария бөлімінің мамандары эвтаназия әдісін қолданған болатын.