Павлодар облысында әлеуметтік сауалнама жүргізілетін болады
2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) бастау алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 24 мың үй шаруашылығын қамтитын сауалнама жүргізілетін болады. Бұл Қазақстанның 20 өңірін қамтиды. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту сияқты көптеген сұрақтардан тұрады.
МИКС-ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық үй шаруашылығын зерттеу бағдарламасы балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін негізгі көрсеткіштерді жинау мақсатында ұйымдастырылған. Аталмыш зерттеу 1996 жылдан бері 118 елде өтті.
– Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген. Бұл іс-шараның маңызы зор. Себебі MICS-тен алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштерді белгілеуге, мақсатты анықтауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді, – дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Орал Мекешева.
Спикердің айтуынша, зерттеу Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі.
Биылғы жылы Қазақстандағы MICS-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Халықаралық әдіснамаға сәйкес 1000 кластерді таңдадық (бұл таңдалған елдімекендердегі учаскілер). Павлодар облысынан 1536 үй шаруашылығы зерттелетін 64 кластер енгізілді, – дейді ол.
Спикердің сөзінше, MICS 2024 аясында бес негізгі сауалнама парақтары болады: үй шаруашылығының сауалнамасы, әйелдерге арналған сауалнама, ерлерге арналған сауалнама, бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама, бес жастан он жеті жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама. Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік органмен келісілген және қажетті келісуден өткен.
– Әйелдерге арналған сауалнама бойынша олардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген тақырыптарды қамтиды. Мұнда жұмыспен қамту, білім деңгейі, отбасылық жағдай (неке және серіктестік одақтарды қоса алғанда), сондай-ақ психикалық денсаулық аспектілері қарастырылады. Босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі күтімді, медициналық қызметтерге қол жетімділікті және отбасын жоспарлау әдістерін қамтитын репродуктивті денсаулық мәселелеріне ерекше назар аударылады, – дейді Орал Мекешева.
Бұл мәселелер жалпы үй шаруашылығынан бастап әртүрлі жас санаттарындағы отбасының жекелеген мүшелеріне халықтың әртүрлі топтарының өмір сүру жағдайлары мен әл-ауқатын жан-жақты түсінуді қамтамасыз етуге арналған.
Сондай-ақ, интервьюерлерді даярлау үшін республикалық семинар ұйымдастырылды. Олар – зерттеулерді жүргізу тәжірибесі бар ұлттық статистика бюросының қызметкерлері.
Айта кетейік, сауалнамаға қатысу ерікті және жасырын болып табылады. Алынған ақпарат тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылады. Респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тарта алады немесе кез келген сәтте сұхбатты тоқтата алады.
Заңнамаға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан деректерді жинау процесіне араласуға жол берілмейді. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі.
Барлық туындаған сұрақтар бойынша жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейтін Бюроның-1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросы мен ЮНИСЕФ сайтында жарияланады.