Павлодар облысының экологтары ірі кәсіпорында заң бұзушылықтарды анықтады

Павлодар облысының экологтары ірі кәсіпорында заң бұзушылықтарды анықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру жұмыстары биылғы жылдың 8 қаңтарында түскен тұрғынның ресми өтініші негізінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті азаматтардың арызынан кейін «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-на қарасты «Шығыс» разрезінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық талаптардың сақталмағанын әшкереледі.

– Мамандар көмір разрезінің жұмыс борты учаскесінде көмірқұрамды жыныстардың өздігінен қызу ошақтарын анықтады. Бұл кәсіпорынның табиғатты қорғау жөніндегі міндеттемелерін, атап айтқанда экологиялық сараптама қорытындысы мен рұқсат шарттарын толық орындамағанын көрсетеді, – деді ведомствода.

Мамандардың айтуынша, көмірдің өздігінен тұтануын болдырмау шараларының жасалмауы салдарынан атмосфералық ауаға ластаушы заттар бөлінген. Бұл – табиғатты пайдалану саласындағы қатаң заң бұзушылық болып табылады.

Тексеру нәтижесінде өтініште көрсетілген деректер толық расталып, кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Экология департаменті разрез басшылығына қызу ошақтарын оқшаулау және жою бойынша арнайы техникалық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны тез арада іске асыру туралы нұсқама берді.

Қазіргі уақытта берілген тапсырмалардың орындалу барысы экология департаментінің тікелей бақылауына алынған.