Павлодар облысы орман алқаптарында тоғыз миллионға жуық қарағай көшеті отырғызылады
Өңірде мемлекеттік орман қоры 127 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармаcы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев облыс әкімдігінің қарамағындағы мемлекеттік орман қорын қорғау және қорғауды қамтамасыз етумен үш мекеме айналысатынын айтты.
Мекемелер қызметінің негізгі бағыттары – ормандарды өрттен және заңсыз кесуден қорғау, сондай-ақ орманды қалпына келтіру.
Орманмен жабылған аумақты ұлғайту мақсатында кешенді жоспарға сәйкес орман дақылдары отырғызылуда.
– Бүгінгі таңда мемлекеттік орман қорының жалпы ауданынан орман алқабы 70 пайызды құрайды, – деді Сағын Төлеутаев. – Бес жыл ішінде мекемелер бес мың гектардан астам аумаққа 32 миллион көшет отырғызу керек. Мәселен, ағымдағы жылы 1 500 гектардан астам аумаққа екі жастағы қарағайдың тоғыз миллионға жуық көшетін отырғызу жоспарлануда.
Бұл жұмыс екі кезеңде – көктемде және күзде жүзеге асырылады. Көктемге жоспарланған көлем 440 гектарды құрайды. Жұмыстар мамырдың бірінші онкүндігінде аяқталды. Қалған көлем күзге жоспарланған.
Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті.
Бұл ретте, өткен жылы жалпы сомасы 756 миллион теңгеге бес өрт сөндіру автоцистернасы, 10 шағын өрт сөндіру кешені, 33 мотоцикл, 17 жабдық және 100-ден астам рация сатып алынды.
– Бұл мекемелердің техникалық паркін жарақтандырудың жалпы деңгейінің көрсеткішін 58 пайыздан 72 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді, – деді спикер. – Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 441 миллион теңгеге тағы төрт өрт сөндіру автоцистернасы сатып алынады. Көліктер маусымның аяғы - шілде айының ортасына дейін жеткізіледі.
Бұдан басқа, орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлері үшін өртке қарсы киім – 55 жиынтық сатып алынды.