Павлодар облысының филармониясы жаңа концерттік маусымын ашады

Павлодар облысының филармониясы жаңа концерттік маусымын ашады

Филармония ұжымы тыңдармандарына есте қаларлық кеш сыйлайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының жаңа маусымының ашылуына арналған «Хиты золотой осени» атты концерт 27 қыркүйек күні кешкі сағат 19:00-де болады. 

– Шығармашылық ұжымы үшін күз мезгілі – әртістерге энергия, жаңа тыныс беретін және таң қалдыруға ниеттендіретін, жобалар, концерттер, гастрольдік сапарлар, конкурстар мен фестивальдар, көрермендермен көптен күткен кездесулер уақыты. Көрермендерді жаңа маусымда солистердің, хордың, вокалдық топтардың, ансамбльдердің және оркестрлердің әсерлі шеруі күтуде, – деді филаромнияда. 

Кешкі бағдарламада  А.Морозов пен Н. Рубцовтың «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі мен әдемі сопрано иесі Сара Садығұлованың орындауындағы «В горнице» әні, Frank Sinatra-ның «Strangers in the night» әні Айбар Ашкеевтің әсерлі қоңыр баритонымен шырқалады, Гатто Панкери мен Валерио Зеллидің «Vivo per lei» әнін Анель Қанатова мен Алмаз Мұқатайдың әсем дуэті, ал Маржан Арапбаеваның  «Арманыма асығым барамын» деген әнін Жібек Айтбаева өнер сүйер қауымға паш етеді.

Сондай-ақ камералық хор, «Ретро» вокалдық ансамблі, солситер Серік Рысбек, Наталья Процкая, Бауыржан Ахметов, Шолпан Ақылбек, джаз оркестрінің саксофоншылары, «Нұр» және «Шернияз» би ансамбльдері қатысады.