Табысты маусым: Павлодар театры 200 спектакль сахналады

Табысты маусым: Павлодар театры 200 спектакль сахналады
Фото: Есенжол Исабек

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 36-шы театр маусымын қорытындылап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнер ордасы жаңа маусымды 9 қыркүйекте ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған М.Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландым... (Жас Абай)» трагедиясымен ашқан болатын. 

Маусым барысында театр көрерменге бірнеше жаңа туынды ұсынды. Атап айтқанда, «Мұғалім» әлеуметтік драмасы, «Біз туралы…» лирикалық драмасы, «Батыл көжектер» және «Көңілді Роджер» ертегілері, «Балам, қашан келесің?..» драмасы мен «Күшік күйеу» комедиясының премьералары сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразованың айтуынша, 36-шы маусым өнер ұжымы үшін жемісті әрі табысты болды. Осы маусымда театр сахнасында және гастрольдік сапарлар барысында жалпы саны 200-ге жуық қойылым көрсетіліп, мыңдаған көрерменге рухани азық сыйланды.

Әсіресе, биыл ақпан айының соңында сахналанған драматург С. Сыбанбайдың «Балам, қашан келесің?..» драмасы көрермен тарапынан жоғары бағаланып, ерекше сұранысқа ие болды.

Маусым аясында театр ұжымы гастрольдік сапарларға да шығып, өңірлердегі көрермендермен жүздесті. 6-7 сәуір күндері Талдықорған қаласында «Аладдин» ертегісі, «Алғашқы махаббат» комедиясы және балалар мен ересектерге арналған «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуы ұсынылды. Ал 8-10 сәуір аралығында Алматы қаласында өнер көрсеткен театр әртістері көрермен назарына «Ұждан» әфсанасын, «Балам, қашан келесің?..» драмасын, «Аладдин» ертегісін және «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуын ұсынды. Бұл гастрольдер театр ұжымының кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Театр қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен бұл маусымда театр ұжымына үш қызметтік пәтер берілді. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімдігі театрдың шығармашылық әлеуетін арттыру мен мәдени жобаларды дамыту мақсатында 50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді.

Қазіргі таңда Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында 36 актер қызмет атқарады.

Театр ұжымы 36-шы маусымды 26 маусым күні сағат 18:30-да сахналанатын «Балам, қашан келесің?..» драмасымен жабады. Көрерменнің жүрегінен орын алған бұл туынды маусымның қорытынды қойылымы ретінде ұсынылады.

«Балам, қашан келесің?..»: Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол– «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма, әлде ажал ма?

Авторы: Сәкен Сыбанбай. Режиссері: Жұлдызбек Жұманбай.