Павлодар облысының екі ауданында «Халық тұмары» іске қосылды
Қосымша азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы уәкілетті органдарды дереу хабардар етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәліметінше, облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Дюсекеновтың төралығымен Шарбақты және Аққулы ауданының аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі ауданаралық ведомствоаралық жедел кеңес өтті. Кездесуде «Халық тұмар» мобильдік қосымшасының тұсауы кесіліп, іске қосылды.
Кеңеске Шарбақты және Аққулы аудандарының прокурорлары, Павлодар облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдары қатысты.
Табиғи резерваттың бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов резерватта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Былтырғы жылмен салыстырғанда орман өрттерінің аумағы 99 %-ға , заңсыз ағаш кесу 97%-ға азайғаны аталып өтілді.
– Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін цифрландыру және цифрлық технологияларды енгізу Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында айтқан маңызды басым бағыттардың бірі болып табылады. Құқық бұзушылықтардың алдын алуда заманауи цифрлық технологияларды қолдану резерваттың мемлекеттік инспекторларына елеулі көмек көрсетеді, – деді ол.
Осыған байланысты табиғи резерват облыс аумағында «Халық тұмар» мобильдік қосымшасын енгізу және іске қосу жөніндегі бастаманы толық қолдайды.