Украиналық азамат павлодарлық футбол сүйер қауымға үндеу айтты
Павлодар футбол клубының жаңа ойыншысы Артур Мурза «Ақсу» футболшысы ретіндегі алғашқы сұхбатын берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Украинадан келген жартылай қорғаушының сөзіне қарағанда, ол «Ақсудың» ұсынысын ойланбастан бірден қабыл алған.
- Ұсынысты бірден қызықтырды, өйткені, мұндағы бапкер отандасым, ал клуб басшылығы алдына зор мақсаттар қойып отыр, - дейді украиналық футболшы. – Ұжым жақсы қабылдады, командаға тезірек үйренісуге қол ұшын берді. Штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, жаттығу процессіне еш кедергі жоқ.
Хавбек жиынның қалай өтіп жатқанынан, команда бас бапкері Руслан Костышиннің жұмыс мәнерінен хабар берді.
- Оның жұмыс істеу мәнерін Украинада білемін. Оның жаттығулары өте ауыр екендігін естігенмін, алайда оның бәрі алдағы маусымды жеңіл өткеру үшін жасалатынын түсінемін. Қазір қауырт жұмыс істесек, чемпионатта жақсы нәтиже көрсете аламыз, - дейді Артур Мурза.
Сөз соңында легионер павлодарлық футбол сүйер қауымға үндеу айтты.
- Құрметті жанкүйерлер, клубтың бір бөлігі болуға қуаныштымын. Маусым сәтті өтсін деп тілеймін. Павлодарда өтетін матчтарды асыға күтудемін. Өз ойындарымызбен сіздерді қуантуға тырысамыз. Қолдауларыңызды сұраймыз – бізге ол аса қажет, - деді ол.
Айта кетейік, командаға 22 жасар украин жартылай қорғаушысы Артур Мурза келіп қосылды. Ол былтыр Латвияның «Валмиера» және петропавлдық «Қызылжарда» ойнап үлгерді. Бір қызығы, қызылжарлықтар үшін соңғы матчты ол «Ақсуға» қарсы ойнады. Сол матчта «Ақсу» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Одан басқа команда құрамы жартылай қорғаушылар Рамазан Оразов, Дінмұхамед Қараман, шабуылшы Луис Гедеш, қорғаушы Елдос Ахметовпен толыққаны, Тони Сильва мен Фэйт Обилор келісім-шартты ұзартқаны туралы ресми мәлімет бар. Марсель Исламқұлов, Лазар Зличич, Михаил Бакаев, Еркебұлан Тұңғышбаев, Асланбек Кәкімов пен Марлен Айманов керісінше, клубтан ұзады.
Фото: ашық дереккөздерден