Кеніштің басты байлығы – адам: «Керегетасқа» 60 жыл
Алпыс жылдық мерейтойда кеніштің кешегісі мен бүгіні тоғысып, бірнеше буын еңбеккерлері бір сахнада бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алпыс жыл ішінде «Керегетас» әктас кеніші 109 миллион тоннадан астам әктас өндіріп, Қазақстан алюминий өнеркәсібінің сенімді шикізат базасына айналды. Биыл кәсіпорынның мерейтойы Майқайың кентінде бірнеше буын кеншілердің, еңбек ардагерлерінің, қазіргі қызметкерлер мен олардың отбасыларының басын қосқан үлкен мерекеге ұласты.



«Қазақстан алюминийі» АҚ құрамындағы «Керегетас» әктас кеніші 1966 жылы Павлодар алюминий зауытының өндірісіне қажетті шикізат өндіру мақсатында ашылды. Содан бері кеніш еліміздің металлургия саласын жоғары сапалы әктаспен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.
Алпыс жыл ішінде мұнда 109,4 миллион тонна әктас өндірілді. Бүгінде карьердің тереңдігі 100 метрге жетсе, кәсіпорында Майқайың кентінің 210 тұрғыны еңбек етеді.
Мерейтойлық шараға кәсіпорын ардагерлері, өндіріс қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев кеніштің өңір үшін маңызын ерекше атап өтті.

– «Керегетас» өндіретін әктас – еліміздің металлургиясы мен құрылыс саласының сенімді негізі. Сонымен қатар кәсіпорын Баянауыл ауданының әлеуметтік дамуына да тұрақты қолдау көрсетіп келеді, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде кеніш директоры Мағжан Садуақасов бүгінгі жетістіктердің негізінде ұжымның адал еңбегі жатқанын айтты.

– Бүгінгі жетістіктеріміз – әрбір қызметкердің күнделікті еңбегінің нәтижесі, – деді ол.
Кеніштің алпыс жылдық тарихын жасағандардың қатарында алғашқы маркшейдерлердің бірі Вячеслав Никишов та бар. Ол бүгінде алғашқы қазық қағылған күндерді ерекше ықыласпен еске алады.


– Мен алғашқы қазық қағылған күнді жақсы білемін. Алғашқы көлемдерді өлшеп, өндірістік нысандардың салынуын бақыладық. Ол кезде алюминий зауыты дайын болғанымен, «Керегетастағы» фабрика әлі салынбаған еді. Біз тауды бұрғылап, жарып, кенді сұрыптап, фабрикасыз-ақ айына 10–15 мың тонна өнім жөнелтетінбіз. Жұмыс өте ауыр болды, бірақ бәрін еңсердік, – деп еске алды ардагер.
Бүгінде сол еңбек дәстүрін жаңа буын мамандары жалғастырып келеді.
Кеніштің электргазбен дәнекерлеушісі Ахай Жанат тоғыз жылдан бері осы кәсіпорында еңбек етеді. Осы уақыт ішінде өндірістегі өзгерістерді күнделікті жұмыстың өзінен-ақ байқағанын айтады. Әсіресе еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайының жақсарғанын ерекше атап өтеді.

– «Майқайыңалтын» АҚ-да тәжірибе жинап, кейін «Керегетасқа» ауыстым. Қазір кәсіпорында жөндеу жұмыстары жүргізілді, техника жаңарды. Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. «Идеялар фабрикасы» жобасына арнап орындық-саты жасап, жүлдеге ие болдым, – дейді ол.
Кәсіпорындағы өзгерістерді өз көзімен көрген мамандардың бірі – бас энергетик Исабек Жакимов. Ол кенішке 1999 жылы жас маман болып келіп, еңбек жолын үшінші разрядты электрслесарь ретінде бастаған. Кейін шебер, учаске бастығы қызметтерін атқарып, бүгінде кәсіпорынның бас энергетигі болып еңбек етеді.
Ширек ғасыр ішінде ол өндірістің қалай өзгергеніне де куә болды. Оның айтуынша, бұрын көптеген жұмыс қолмен атқарылса, бүгінде жаңа технологиялар мен цифрлық автоматтандыру жүйелері кеңінен енгізілген. Алайда қай кезеңде де энергетик мамандығының басты қағидасы өзгерген жоқ.

– 25 жыл еңбек ету үшін жауапкершілік керек, жұмысқа адал болу керек. Энергетика саласында түрлі жағдай болады. Кейде қыстың аязында жарық өшіп, бір тәулік бойы жұмыста қалған кездеріміз де болды. Сондай сәттерде нақты шешім қабылдай білуің қажет. Қиындықпен күрессең ғана жетістікке жетесің, – дейді ол.
Бүгінде Исабек Жакимов жас мамандарға тәлімгерлік жасап, көп жылғы тәжірибесін бөлісіп келеді. Оның айтуынша, кәсіби сабақтастық тек ұжымда ғана емес, өз отбасында да жалғасып жатыр.
– Ата-анам бұл салада жұмыс істемеген, – деп атап өтті Исабек Жакимов. – Ал қазір ұлым Астанада электрэнергетик мамандығы бойынша білім алып жүр. «Әкемнің жолын жалғастырамын» дейді. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш.
Осындай сабақтастықтың арқасында кеніште еңбек дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы, «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегері Мұхтар Әбенов үшін Керегетас – бірнеше буынның тағдыры тоғысқан қасиетті еңбек ордасы.

– Керегетас – Майқайыңның мақтанышы. Осындай үлкен мерекені көріп отырғанымыз – біз үшін зор қуаныш. Барша әріптестерімді мерейтоймен құттықтаймын, – деді ол.
Бүгінде кәсіпорында Ибраевтар, Дюсенаевтар және Құдабаевтар әулеттері еңбек етеді. Үш еңбек династиясының жалпы еңбек өтілі 263 жылды құрайды. Оның ішінде Ибраевтар отбасының еңбек жолы 105 жылға созылған. Осындай еңбек әулеттері Керегетаста қалыптасқан дәстүрдің бүгінге дейін үзілмей жалғасып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Мерейтой аясында өндірістегі жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген қызметкерлер «Кенші даңқы» төсбелгілерімен, облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және арнайы сертификаттармен марапатталды. Бұл марапаттар кәсіпорынның дамуына көп жылғы еңбегімен үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің белгісі болды.




Салтанатты кеш Павлодар облыстық филармониясы өнерпаздарының концертімен жалғасты. Көрермендерге «Адай» триосы мен қазақстандық эстрада әншісі Бейбіт Қорған өнер көрсетті.



Алпыс жыл бұрын алғашқы қазығы қағылған Керегетас бүгінде Майқайыңның ғана емес, тұтас өңірдің өндірістік тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Кеніштің алпыс жылдық тарихын өндірілген миллиондаған тонна әктас емес, кеніштің қалыптасуына үлес қосқан адамдардың адал еңбегі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан еңбек дәстүрі мен кәсіпке деген құрмет айшықтап тұр.