Павлодар облысының жеті азаматы ерекше мәртебеге ие болды

Павлодар облысының жеті азаматы ерекше мәртебеге ие болды

Олардың арасында дәрігерлер, құқық қорғау органдары мен еңбек ардагерлері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республика күні қарсаңында облыстық әкімдікте «Павлодар облысының құрметті азаматы» атағын табыс ету рәсімі өтті. Өңір басшысы Асайын Байханов айтып өткендей, барлығы 28 өтініш қарастырылды. 

- Мемлекет басшысы аға буынның маңызды рөл атқаратынын айтып өтті. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген даналарымыздың сөзі бар. Үлкендерге құрметпен қарау салтын кейінгі ұрпаққа жалғастыру – біздің міндет. Еңбектеріңізге тағзым етуіміз содан. Бұл біз үшін өте маңызды және осы атаққа әбден лайықсыздар, - деді облыс әкімі. 

Әрі қарай Асайын Байханов мемлекеттік қызмет саласының ардагері Махмет Демесінов, құқық қорғау органдарының ардагері Ерқанат Дүйсекенов, медицина ғылымдарының докторы Сағит Иманғазинов, тау-кен саласының ардагері Орынжан Қабдолов, медицина саласының ардагері Зинаида Раздорская, ішкі істер саласының үздігі, құқық қорғау органдарының ардагері Боранбай Сқақов, ақын Балтабай Сыздықовқа «Павлодар облысының құрметті азаматы» төсбелгілерін табыс етті. 

- Азғантай еңбегімізді бағаланыңыз үшін зор алғыс білдіремін, - деді Махмет Демесінов. – Еліміздің рухы жоғарылай берсін. Аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш болсын.

Саналы ғұмырының 54 жылын Ертіс аудандық ауруханасында хирург қызметіне арнаған Зинаида Раздорская да рахметін аямады. Ардагер дәрігер талай адамдардың өмірін құтқарып, өңіріміздің денсаулық сақтау саласына өлшеусіз үлес қосқан азамат. 

Кездесу соңында қатысушылар әртүрлі тақырыпта пікір алмасып, соңында естелік фотоға түсті.

Фото: автор