Павлодар облысының ірі қарасы оңтүстікке сатылуда

Павлодар облысының ірі қарасы оңтүстікке сатылуда
Фото: Константин Шелков

Осы уақытқа дейін аймақтан 37 мың бас ірі қара мал шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде мал шаруашылығымен айналысатын ірі ауыл шаруашылық өкілдері өздерінің жас малын еліміздің оңтүстік өңірлеріне өткізуді жалғастырып келеді. Бұған негізгі себеп – оңтүстіктегі сатып алушылардың ұсынатын бағалары жоғары.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырболат Байсариновтың айтуынша, бұл үрдіс өңірдегі мал басының азаюына белгілі бір деңгейде әсер етуде.

– Шаруалар үшін бұл табысты келісім. Сондықтан да шаруалар жануарларының бір бөлігін сол жаққа жөнелтіп жатыр, – деді ол.

Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, ағымдағы жылдың 18 қыркүйегіне дейін облыстан 37 мың бас ірі қара мал сыртқа шығарылған. 

Айта кетсек, Қазақстан ішінде мал тасымалына ешқандай тыйым жоқ. Бір жағынан, шектеу ішкі нарықтағы мал басын сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, шаруашылықтар үшін табыс көзін азайтуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін қала базарларының бірінде сиыр етінің бағасы заңсыз қымбаттатылған. Бұны облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері жүргізген жоспарлы тексеру жұмыстары кезінде анықтаған. Мамандардың сөзінше, сиыр етінің жауырыны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енгендіктен, сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.