Павлодар облысының ұстазы «Үздік педагог» атағына ие болды

Павлодар облысының ұстазы «Үздік педагог» атағына ие болды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Марапатты Оқу-ағарту министрі табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республика күнінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің 64 ұстазына «Үздік педагог» атағын табыстады. Солардың қатарында Ақсу қаласының Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның мұғалімі Ақмарал Есенғожина да бар.

Министрдің сөзінше, байқау ұстаздарды қолдаудың және білім сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналған.

– Бұл байқау дәстүрге айналды. Мемлекеттің ұстаздарды қолдауы – білім саясатының басым бағыты. Республика бойынша үздік педагогтердің пулы қалыптасты. Ендігі мақсат – олардың тәжірибесін кеңінен таратып, жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау. Әр баланың әлеуетін ашып, өмірде өз орнын табуына мүмкіндік беретін әділ әрі сапалы білім жүйесін қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Мемлекет басшысының қолдауы мен қоғамның сенімі – осы істің қозғаушы күші, – деді ол.

Ақмарал Есенғожина білім беру саласындағы жоғары кәсібилігі мен оқытудағы жаңашыл әдістері үшін үздік деп танылып, мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды.

2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау нәтижесінде бүгінде жеті жүзден астам ұстаз осы мәртебелі атаққа ие болған.

Биылғы жылы республикалық байқаудың іріктеу кезеңіне мыңнан астам педагог қатысып, олардың сегіз жүзге жуығы облыстық деңгейде өзара бақ сынады. Соның ішінде 174 маман финалға жолдама алды.

Байқауға кемінде бес жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер қатысып, олардың кәсіби шеберлігі, білім беру саласына қосқан үлесі мен жұмысының тиімділігі бағаланды.