Екібастұзда балабақша тігіншілері арасында кәсіби шеберлік байқауы өтті

Екібастұзда балабақша тігіншілері арасында кәсіби шеберлік байқауы өтті
Фото: pixabay.com/Santosh_Sharma

Жарыс «Еңбек адамы» жылы аясында өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласында мектепке дейінгі ұйымдардың тігіншілері арасында «OЮ FEST» кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара №27 және №28 балабақшалар және қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен өткізілді.

Байқауға қала балабақшаларынан 12 тігінші қатысты. Олардың жұмыстарын білім бөлімі, қалалық кәсіподақ ұйымы, этномәдени бірлестік пен БАҚ өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрды: қатысушылардың өзін-өзі таныстыруы, үй тапсырмаларын көрсетуі, тәжірибелік бөлім және қорытынды таныстырылым.

– Біздің тігіншілеріміз балалардың балалық шағын көркем әрі жарқын етуге үлес қосады. Олардың еңбегі кейде еленбей қалады, алайда «OЮ FEST» кәсіби қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, мамандықтың маңыздылығын көрсетеді, – деді №27 балабақша меңгерушісі Інжу Болатхан.

Байқау барысында қайырымдылыққа да ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар «Үміт» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне қысқа жеңді камзолдар тігіп, дайын бұйымдарды сыйға тартты.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде №27 балабақшасының тігіншісі Мадина Асатуллаеваға берілді. Бірінші орын – №10 балабақша өкілі Гүлнара Разбековаға, екінші орын – №8 балабақшасының тігіншісі Айсұлу Жаудильдиноваға, үшінші орын – №2 балабақшасының тігіншісі Валентина Панфиловаға бұйырды. Барлық қатысушыларға білім бөлімі атынан дипломдар мен қалалық кәсіподақ атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.

– Бұл байқау мен үшін үлкен маңызға ие. «Еңбек адамы» жылы кез келген мамандық пен жасалған жұмыстың құндылығын көрсетеді. Мен өз ісімді сүйемін, балаларға арнап тігу – мені кәсіби тұрғыда дамуға жетелейтін басты мотивация, – деді Мадина Асатуллаева.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар әр балабақша тігіншісінің еңбекке деген сүйіспеншілігін нығайтып, балаларға арналған сапалы әрі әсем дүниелердің шығуына үлес қосатыны сенімді.

Фото: Екібастұз қаласының білім беру бөлімі