Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығына қанша адам жүгінді?
Өңірдің 2265 тұрғыны антиретровирустық терапия алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жыл басынан бері АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша сенім пункттеріне 55 мыңға жуық адам келді.
Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде бірнеше жыл бойы АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша халыққа тексеру және кеңес беру жүргізіледі. Сондай-ақ, шет елдерге шығу үшін АИТВ-ға тексеру нәтижесі бар сертификаттар беріледі.
– Халықтың негізгі топтарына профилактикалық және медициналық-әлеуметтік көмек сенім пункттерінде және достық кабинеттерде көрсетіледі. Оған жеке қорғаныс құралдарын беру, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды диагностикалау және емдеу кіреді, – деді орталықта.
Биылғы жылдың 10 ай қорытындысы бойынша иммундық мәртебені анықтау бойынша 3197 талдау және терапияның тиімділігін анықтау үшін 4107 талдау жүргізілді. Жүкті әйелдердің 100 пайызға жуығы АИТВ инфекциясына және олардың жыныстық серіктестеріне тексерілді. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу бойынша «Достық» кабинетте 2891 адам кеңес алды, оның ішінде 250-ден астамы жанасуға дейінгі профилактикадан және 38-і жанасудан кейінгі профилактикадан өтті. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс аудандарында ашылған 15 сенім пунктіне 55 мыңға жуық адам келді.
АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдарға медициналық көмек, психоәлеуметтік, заңдық және медициналық консультациялар, АИТВ инфекциясымен ауыратын науқастарды динамикалық бақылау тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес ұйымдастырылған. Сондай-ақ АИТВ инфекциясын емдеу үшін антиретровирустық препараттар беріледі. АИТВ-мен байланысты аурулардың диагностикасы жүргізіледі, емдеу тиімділігіне зертханалық мониторинг қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, 1 желтоқсан – ЖИТС-пен күрес күні «Дұрыс жолды таңда – адам құқықтарының жолын таңда» ұранымен өтеді.