Павлодар университетінде магистрлік бағдарламалар ағылшын тілінде оқытылмақ
Торайғыров университетіне АӨК магистрлік бағдарламаларын интернационалдандыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, университетке Германия, Греция және Моңғолия ғалымдары келді. Ғалымдар делегациясы Торайғыров университетімен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы магистрлік бағдарламаларды ағылшын тілінде оқыту арқылы интернационалдандыруды талқылады.
Жоба Қазақстан, Моңғолия және Ресей арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ осы елдер мен ЕО арасындағы халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа перспективалар жасауға бағытталған, бұл жоғары білімнің ұлттық жүйелерін жалпы реформалауға ықпал етеді.
ЖОО ректоры Еркін Садықов агроөнеркәсіптік кешендегі технологиялар кез келген басқа сала сияқты бүгінде өте қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Оларға ілесу үшін халықаралық тәжірибені үйренуге және шетелдегі әріптестерімізбен байланыста болуға міндеттіміз. ERASMUS + жобасы бізге осындай мүмкіндік береді. Бүгінде Торайғыров университеті түрлі елдердегі жоғары оқу орындарымен ынтымақтасуда. Жоғары оқу орындарының серіктестері болуы, өз деңгейін растай отырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуы және үнемі дамып отыруы тиіс. Ең бастысы, ToU-да халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін барлық жағдай жасалған, – деді Еркін Садықов.
Айта кету керек, жоба аясында «Өсімдік шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» зертханасы құрылып, жұмыс істеуде, биотехнолог-магистранттардың білім беру бағдарламасына модульдер енгізілді.